(И.А.Буниннен)
1893
Абайдың орыс ақыны И.А.Буниннің «Не пугай меня грозою» деп басталатын өлеңінен жасаған еркін аударма.
Қашан жазылды?
Өз ортасында өгей күйге түсіп, қоғамын жатсынған қайғылы жанның жалғыздығын аңғартатын өлеңді Абай 1893 жылы аударған.
Қайда жазылды?
16 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. 1945 жылға дейінгі Абай басылымдарында өлең Ю.Лермонтовқа телініп келді. Өлеңнің И.Бунин туындысы екенін Е.Ысмайылов дәлелдеді. Абайдың 1945 жылғы бір томдығында орыс ақыны И.Буниннан аударылғаны көрсетілді.
Өлең не жайында?
И.Буниннің «Не пугай меня грозою» өлеңінің түп нұсқасы 12 жол. Абай аударған көркем нұсқасы 16 жол. Абай өлеңнің негізгі үш шумағында түпнұсқа үйлесімі рухында іңкәр дүниеге құштарлық, тұңғиыққа батырар үмітсіздіктен аулақ болу, қиындыққа мойымай өрелі мақсатқа ұмтылу сарынын жанына жақын тұтады. Төртінші шумақты ғана ақын ой өрісін өз жанының қалауына, көңіл аңсарына орай үйлестіре, үндестіре сабақтастырады, тыңнан жол тартады. Қиындыққа мойымай, келер күнге үмітпен қараған ақын И.Бунин өлеңіндегі жан толқынысы мен сезім тебіренісіндегі ойларын үстеп, табиғаттың төл перзенті адам өмірінің мән-мағынасына бойлайды. Толассыз тіршіліктің күңгірт күндерінен соң жарық дүниенің сәуле шашып, көкжиектің нұрланарына сенім білдіреді. Жасын мінез жарқылымен тұнық тұма табиғаттай жан тазалығына ұмтылған көңіл толқынын дарытады. Көк торғындай аспан көктің жайнап ашылуынан, исі аңқыған бәйшешектің түрленуінен де майда қоңыр көңіл толқыны еседі. Үміт пен күдік арпалысындағы арман аңсарын, асқарлы мақсатына ұмтылуындағы қайсар мінезді бейілін аңдатады. Өмірдің ерігу әрі желігумен күн өткізу еместігіне бойлап, адам өмірінің мәнді де мағыналы, үміт пен ізденіске толы болуын аңғартады. Өрелі мұрат пен асқарлы мақсатқа жетуге лайықты батыл да өжет, қайсар да жігерлі мінезді аңсайды. Алайда ақынның нәзік жаны, сезім түйсігі, алғыр ойы түрленген тұмса табиғат дүлейінен емес, «ойсыз, доссыз, бақытсыз, жыбырлақ» өткінші өмірден шошынады. Ойсыз өмір, доссыз ғұмыр мәнсіздігінен жабырқайды, бұлдыр болашақты меңзегендей қапалы күйге түседі. Табиғат жарасымының үйлесіміне сүйсіне отырып, өмір құбылысының көңіл құлазытар, жан жабырқатар сұрықсыздығын да сезінеді. «Қорқытпайды қар мен мұз, Өзге нәрсе қорқытты» деген сезім түйсігімен дағдарыс үстіндегі қазақ қауымының болашағынан үрейленгендей кейіпке енеді. «Сондықтан қайғы қат-қабат, Қарап тұрмын сендерге, Атасы басқа, өзі жат, Жалғыз жанша жат жерде» деп налуымен заман биігінен ұлт тағдырына, ел болашағына көз тіктегендей болады. Өз ортасында өгей күйге түсіп, қоғамын жатсынған қайғылы жанның жалғыздығын аңғартады. [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.200]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Көңіл-күй және табиғат лирикасы астасып жатқан өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас үлгісінде жазылған. Абайдың «Қорқытпа мені дауылдан» аударма өлеңіне композитор Ғазиза Жұбанова романс жазған.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Қорқытпа мені дауылдан,
Дүрілдеп тұрса тау мен сай.
Шатырлап тұрған жауыннан
Жарқылдап тұрса түскен жай.
Көк торғындай аспан-көк,
Білемін, жайнап ашылар.
Исі аңқыған бәйшешек
Түрленіп жерді жасырар.
Қорқытпайды қар мен мұз,
Өзге нәрсе қорқытты.
Ойсыз, доссыз, бақытсыз,
Жыбырлақпен өмір өтті.
Сондықтан қайғы қат-қабат,
Қарап тұрмын сендерге,
Атасы басқа, өзі жат,
Жалғыз жанша жат жерде.