Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ»

«ҚАРҒА МЕН ТҮЛКІ»

(И.А.Крыловтан)

1898

Абайдың И.А.Крыловтың «Ворона и лисица» мысалынан аударған туындысы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Мысал алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық ауытқулар кездеседі.

Өлең не жайында?

Түпнұсқада қошеметшілердің жыл-постығы, айла-амалы әлемге аян бола түрса да, олардың қашанда жол тауып, сан соқтырып кететіндігі айтылады.

Сәл ғана өзгерістері болмаса, аудармадағы ой өзегі де осы. Абай орыс ақынында жоқ «күледі», «өкіну» сөздерін енгізу арқылы мысалдың негізгі ойын айқындай түскен. Түпнұсқада ірімшік тауып алған қарға таңертеңгі асын жеуге қамданды десе, аудармада қарғаның «қарны аштығы» айтылады. «Бір жеп алып, шүкірлік қылайын деп аллаға» деген ұғынықты жолдарды ақын өз жанынан қосқан. Ал түлкінің қарғаны алдап түсіру мақсатымен айтқан қошемет сөздері Абай аудармасында мүлдем құлпырып кеткен. Абайдың тәржімелеуіндегі: «Өзіне біткен өңешін Аямастан қарқ етті, Ірімшік жерге салп етті, Қу кетті, іс бітті» — деген жолдар өлең аудармасының классикалық үлгісі болып саналады.

Қай жанрда жазылды?

Абай түпнұсқаның мазмұнын толық сақтап, сәл кеңейтіңкіреп, өте жатық және көркем етіп аударған. Түпнұсқада – көп буынды 26 жол, аудармада 8-9 буынды жыр үлгісімен 47 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді.
Бір жатқан ірімшік
Көзіне түседі,
Көңілі өседі.
Ірімшікті көрінген
Тістеп ап ұшады.
Бір ағашқа қонды да,
Асықпай жемек болды да,
Мазатсып қарады
Оңына, солына.
Ағашқа қонып, қаранып,
Қанатын, жүнін таранып,
Болмақшы еді мәз-майрам
Дейтін емес қу қайдан,
Жем іздеген бір түлкі
Кездей келді сорына.
Ағаштан төмен түспеген,
Ірімшікті тістеген
Қарға түсті көзіне.
Қу құмар ақымаққа
Алдап, арбап соқпаққа
Кеңеседі өзіне.
Жуасып, жабырқап,
Таң қалып, таңырқап,
Қарады жүзіне.
Қарашы залымның,
Бұл жұртқа мәлімнің
Алдаған сөзіне:
Есен-сау жүрсіз бе?
Ақынның төресі?
Көп жерден белгілі
Тегін құс емесі.
Жүніңіз, үніңіз,
Мұрныңыз, көзіңіз,
Құлаққа көп тиген
Мақталған кеңесі.
Басынан өзгеше
Бітіпті денесі.
Көп жерден, қалқам-ай,
Құмарым тарқамай,
Сізді іздеп келіп ем.
Сүйінсін құлағым,
Тарқасын құмарым,
Әніңе бір салшы,
Асық боп келіп ем.
Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған
Жеріңде бол күлкі.