Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАЙТСЕ ЖЕҢІЛ БОЛАДЫ ЖҰРТ БИЛЕМЕК?»

«ҚАЙТСЕ ЖЕҢІЛ БОЛАДЫ ЖҰРТ БИЛЕМЕК?»

(М.Ю.Лермонтовтан)

1894

Абайдың 1894 жылы орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың «Измайл-Бей» дастанының 2 бөлімінен аударған өлеңі.

Қашан жазылды?

Ел басқару ісіндегі кем-кетікті, қиянат пен әділетсіздікті М.Лермонтов дастанындағы Измаил-Бейдің сөзінесарын қосуымен түйінді желісін тарқататын «Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?» өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында аударған.

Қайда жазылды?

20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Өз дәуірінің қайшылықты болмысымен бетпе-бет келген Абай ел басқарудағы кем-кетікті, қиянат пен әділетсіздікті М.Лермонтов дастанындағы Измаил-Бейдің сөзінесарын қосуымен түйінді желісін кеңінен тарқатады. Ел билеушінің мінез-құлқына тән қарама-қайшылыққа ой жүгіртіп, оның бойындағы парасат, кемелділік, туралық, ұстамдылық мінезімен қатар әккі айла тәсілдерін әр қырынан таразылайды. Өркөкіректік пен таяздыққа, сөзуарлық пен көрсеқызарлыққа салынбай қайратты ердің ірілігіне сай жүру, сабырлы ердің хас мінезінен айрылмау, айбарлы тұлғалармен санасу, жұрт алдында еңсеңді тік ұстау, қажетті жағдайда сес көрсету сипатындағы жұрт билеу ісінің құрық бойлатпас кейбір айла-шарғыларын сипаттайды. Жұрт басқару ісінің күрделі иірімдеріне бойлайды. Әлеуметтік астарын үңгиді.Өкініш, өксіктің уыты бойын кернеп «Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ» деп ұсақтық пен жамандықтан, қиянат пен тоғышарлықтан, азғындық пен имансыздықтан сақтандырады. Уытты тілімен ел билеуші Измаил-Бейдің айлакер, айбат, сес көрсетуге бейім сипатын кекесінге алады.

Өлеңдегі «Анда-санда құтырған жаман емес, Оныңды жиі қылмай және бол сақ…», «Жұрт – жас бала, ешнәрсесін тартып алма, Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ…» деген жолдарды оқырман сын көзімен қарайтыны анық. Болашағы бұлдыр қазақ қоғамы, қорғаншақ қор қауым тізгігін ұстаған отаршыл патша ұлықтарының арын сатқан ұсқынсыз кейпімен, құлдық ұрған бейшара кескінімен жанастырады. Ел түзейтін естілер назарын әлеуметті толғандыратын келелі ойға аударады. Өлең сөздің қоғамдық күшіне екпін жасап, өзгеше көркемдік қуатпен жеткізеді. Жұрт ісінің толысуы, тұлға бойының жетілу өрісі әуелі адамның өзінің жека басын түзеуден, мінезін кемелдендіруден басталатынын терең ойға салып екшейді.Беймезгіл заманда өмір сүрген ақын бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғарына күмән келтірмейді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.217]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй және саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. 11 буынды қара өлең ұйқасымен өрнектелген көркем туынды Лермоновта 22, Абайда 20 жол.

Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек?

Жұрты сүйген нәрсені ол да сүймек.

Ішің берік боп, нәпсіге тыюлысып, —

Паңсымай, жайдақсымай, ірі жүрмек.

Сасқаныңды көрсетпе ешкімге бір,

Сүйтсе де ірісімен кеңесіп жүр.

Кейбірін хауіптендір, мінін тауып,

Кейбірін жылы сөзбен көңілдендір.

Көрінбе ел көзіне әсте қорқақ,

Жанды жан демейтұғын жан шығып бақ,

Анда-санда құтырған жаман емес,

Оныңды жиі қылмай және бол сақ.

Кісімсі қайда жүрсең олжаға тоқ,

Шоқыма халық көзінше қарғаша боқ.

Жұрт – жас бала, ешнәрсесін тартып алма,

Білдіртпей ептеп алсаң залалы жоқ.

Жат елге жадағайда сөйле шәргез,

Тар жерде тайпалудан танба әр кез.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,

Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез.