(И.А.Крыловтан)
1898
Абайдың И.А.Крыловтың «Стрекоза и муравей» өлеңінен тәржімелеген туындысы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Туынды алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының елеңі» жинағында жарияланды. Аудармада аздаған тектологиялық өзгерістер кездеседі.
Өлең не жайында?
Мысалда бүгінін ғана ойлайтын, ертеңінің қамын қылмайтын, «түстік өмірің болса, кештік мал жи» дейтін халық нақылын ескермейтін, еңбекке икемсіз, қымыз бен қызық қуып, әуейлікке салынған есерлер шегіртке бейнесінде мазақталған.
Қай жанрда жазылды?
30 жолдық түпнұсқаны Абай 8-9 буынды а, б, в, б үлгісімен жазған. Әрқайсысы 4 тармақты, 9 шумақтан тұрады, көлемі 36 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Шырылдауық шегіртке
Ыршып жүріп ән салған.
Көгалды қуып гөлайттап,
Қызықпен жүріп жазды алған.
Жаздыгүнгі жапырақтың
Бірінде тамақ, бірінде үй,
Жапырақ кетті, жаз кетті,
Күз болған соң кетті күй.
Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,
Өкінгеннен не пайда?
Суыққа тоңған, қарны ашқан
Ойын қайда, ән қайда?
Оныменен тұрмады,
Қар көрінді, қыс болды.
Сауықшыл сорлы бүкшиді,
Тым-ақ қиын іс болды.
Секіру қайда, сүрініп,
Қабағын қайғы жабады.
Саламда жатып дән жиған
Құмырсқаны іздеп табады.
Селкілдеп келіп жығылды,
Аяғына бас ұра:
— Қарағым, жылыт, тамақ бер,
Жаз шыққанша асыра!
Мұның, жаным, сөз емес,
Жаз өтерін білмеп пе ең?
Жаның үшін еш шаруа
Ала жаздай қылмап па ең?
Мен өзіңдей шаруашыл,
Жұмсақ илеу үйлі ме?
Көгалды қуып, ән салып,
Өлеңнен қолым тиді ме?
Қайтсін, қолы тимепті,
Өлеңші, әнші есіл ер!
Ала жаздай ән салсаң,
Селкілде де, билей бер!