Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ШАЙТАН»

«ШАЙТАН»

(М.Ю. Лермонтовтан)

1898

Абайдың М.Ю. Лермонтовтың «Демон» поэмасынан тәржімелеген үзінді өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

М.Лермонтов өз поэмасында демонды символ ретінде алып, сол өршілдікпен, бейіштен қуылған әзәзіл, перінің бейнесі арқылы тәкәппарлықтың, еркіндік іздеудің шегі бар, шексіз болса, қайғыға ұшыратады деген ойды аңғартқан. Қазақ ақыны аударма өлеңнің аяғын өзінше қайырып, шайтанның аузына: «Ақылға, өмірге де адам кенде. Өлмес өмір, қайрат-күш – бәрі менде. Күнінде жүз қуанып күліп жүрген, Осы адам уайымсыз неткен пенде?» деген сөздерді салады.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең үлгісімен кестеленген, әрқайсысы 4 тармақты, 10 шумақтан тұрады. Абай орыс ақыны поэмасының бастапқы екі бөлімін түгел алып, сөз қосып, еркін аударған.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны,
Күнәлі жер кез келіп бір ұшқаны.
Өткен жақсы дәурені ойында оның,
Сондағы не көргені, не қылғаны.

Ол күнде нұрлы бейіш ішінде екен,
Өзі де періштелер түсінде екен.
Жылы жүзбен жұлдыздар жылжып жүріп
Сәлемдесер, сөйлесер күшінде екен.

Ол күнде көз жетпесті көп көздеген,
Түгел білем қайда екен деп іздеген.
Жапа-жалғыз білімнен бақ шықпайды,
Өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген.

Босағасы кең еді, төрде орын тар,
Төрде жалғыз отырмақ ойында бар.
Жалғыздық – бір тәңірінің сыбағасы,
Өршілдікпен лағнетке болған душар.

Құдайым шайтансың деп, лағнет етті,
«Лағнетпен» де қор бола қалман депті.
Алладан қарғыс алған кеудесінен
Сүю мен сол сағатта сенім кетті.

Адаммен сонан бері болды кекті,
Өлмес, өшпес өзіне көзі жетті.
Не қылғанмен қуанар болмаған соң,
Несіне жер дүниеге пәле септі?

Тиянақ, сенім, сүю көрмей өтті,
Алаң-жұлаң етіпті, тентірепті.
Алласыз дос таппады, сыр таппады,
Неше мың жыл кезсе де төңіректі.

Жаманды күнде азғырса, жан демейді,
Жақсы жаннан кей-кейде таяқ жейді.
Күнінде неше бүлік шығарса да,
Еңбегі жанған жан боп сүйінбейді.

Сүйтсе де жамандыққа бір тоймаған,
Антұрғандық қылығын еш қоймаған.
Баяғы алдау, ескірген кәрі иттікпен
Не қылдым, не бітірдім деп ойлаған.

«Ақылға, өмірге де адам кенде,
Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде.
Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген
Осы адам уайымсыз не еткен пенде?»…