Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ПІЛ МЕН ҚАНДЕН»

«ПІЛ МЕН ҚАНДЕН»

(И.А.Крыловтан)

1898

Абайдың И.А.Крыловтың «Слон и Моська» мысалының аудармасы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Аударма алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.

Өлең не жайында?

Ақын түпнұсқаның жалпы мазмұнын сақтап, айтар ойын дәл жеткізгенімен тәржімеде бірлі-жарымды өзгерістер бар. Орыс ақынының мысалындағы Моська аудармада қазақ оқырмандарына түсінікті «қанден» сөзімен ауыстырылған. Түпнұсқадағы «Отколе ни возьмись, навстречу Моська им» деген 5-жол «Көшеде кез боп бір қанден» болып аударылып, «отколе ни возьмись» сөзі түсіп қалған. Қазақшасында пілге бір итті кездестіріп, «Әліңді білсеңші» дегізсе, орысшасында кімнің кездесіп, бұл сөздерді кімнің айтып тұрғаны белгісіз, тек төл сөз ғана берілген.

Қай жанрда жазылды?

Мысал өлеңнің 1-шумағы 11 буынды қара өлең ұйқасымен, қалған шумақтары 7, 8 буынды ұйқаспен жазылған. Көлемі түпнұсқада 20 жол, шумақ жолдары әрқалай болса, Абай аудармасы әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады, барлығы 24 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,
Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі.
Көрсеткелі ап жүрген жануарды
Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.

Көшеде кез боп бір қанден
Ұмтылды пілге шаптығып.
Шаңқылдап үрді ерленіп,
Тартынбай ұрысар жан шығып.

Қанденге бір ит кездей боп
Деді: «Әліңді білсеңші,
Пілмен ұрысар сиқың жоқ,
Мазақ болмай, қой, көрші!

Қырқылдап қалдың, не бітті?
Әуре болмай, қой!– деді.
Сен бұлқындың, ол кетті,
Жан деген жоқ ол сені».

«Мен де соны білемін,
Сондықтан ер боп келемін.
Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,
Ер атанып көремін.

Жұрт мұнымды көрмей ме?
Батыр атақ бермей ме?
Қой, бұл қанден – ер шіркін,
Пілге де үрген демей ме?»