Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«МЕН КӨРДІМ ҰЗЫН ҚАЙЫҢ ҚҰЛАҒАНЫН»

«МЕН КӨРДІМ ҰЗЫН ҚАЙЫҢ ҚҰЛАҒАНЫН»

(В.А.Крыловтан)

1898

Абайдың В.А.Крыловтың «Разбитое сердце» өлеңінен тәржімелеген өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді В.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған.1945 жылғы толық жинақта бұл өлең М.Ю.Лермонтовтан аударма деп керсетілген. Кейінірек академик 3.Ахметов бұл өлеңнің «Я видел березу — сломилась она» деген орыс романсының (сөзі-В.А.Крыловтікі, музыкалық А.Г.Рубинштейндікі) аудармасы екендігін анықтады.

Шығарма басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945, 1954 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары (1905, 1910) бойынша 3-шумақтың 3-жолы «Күн шуақта жатады қалт-құлт етіп» болып берілсе, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол 1909 жылғы жинақ негізінде «Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп» түрінде алынған. 1945, 1954, 1957 жылғы жинақтарда 5-шумақтың 2-жолы «Жеп жүр біреуінің біреуі етін» делінсе, 1977 жылғы басылымда бүл жол 1933 жылғы жинаққа сәйкес «Бірінің жеп жүрген көп біреуі етін» деп қабылданған.

Өлең не жайында?

Өлеңде айналадағы табиғат, жан-жануар тіршілігінен, адам өмірінен төрт қайғылы көріністі алып, қатар қойып, мұңды сарынның барған сайын үдей түсуі арқылы, ғашық жардың опасыздығына қапаланған көңіл күйін неғұрлым әсерлі көрсетуге ұмтылғандық байқалады. Абай өз өлеңінде осы бейнелеу тәсілін өте шебер қолданады. Ол құлап жатқан қайыңды жанды бейне кейпінде алып: «Жапырағы сарғайып, өлімсіреп, Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?» — деп сипаттайды. Кеудесіне оқ тиіп, қансырап жатқан қызыл киікті суреттегенде де: «Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?» — дейді. Осындай қайғылы сурет-көріністер аяныш сезімін туғызу үшін ғана емес, өмірге құштарлықты өнеге ету үшін берілгені анық.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасы өрнегімен кестеленген. Түпнұсқада 16 жол болса, аудармада – 20 жол. Абайдың аудармасы орысша тексте мағынасы жағынан түпнұсқаға жақын болғанымен, көркемдік шеберлігі жағынан әлдеқайда артық екені айқын көрініп тұр.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Мен көрдім ұзын қайың құлағанын,
Бас ұрып қара жерге сұлағанын.
Жапырағы сарғайып, өлімсіреп,
Байғұстың кім тыңдайды жылағанын?
Мен көрдім ойнап жүрген қызыл киік,
Кеудесіне мылтықтың оғы тиіп,
Қалжырап, қансыраған, қабақ түскен, —
Кімге батар ол байғұс тартқан күйік?
Мен көрдім сынық қанат көбелекті,
О дағы білер өмірді іздемекті.
Күн шуаққа жылынар қалт-құлт етіп,
Одан ғибрат алар жан бір бөлек-ті.
Мен көрдім ғашық жардан уәдесіздік,
Өмірдің қызығынан күдер үздік.
Жылы жүрек суыды, жара түсті,
Шықпаған шыбын жанмен күн өткіздік.
Мен көрдім дүние деген иттің көтін,
Жеп жүр ғой біреуінің біреуі етін.
Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда,
Көбінің сырты бүтін, іші түтін.