(М.Ю.Лермонтовтан)
1900
Абайдың көңіл-күйін, махаббат сезімін толғайтын лирикалық туындысы, М.Ю.Лермонтовтың «Вечер» өлеңінің аударма нұсқасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1900 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1939 жылы жарық көрген «Өлеңдер мен поэмалар» жинағында жарияланған. Туынды басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Кешкі күннің қызарып батуын сипаттайтын әдемі табиғат суреті ымырт жабылған кезді көзге айқын елестетіп, сол қас қарайған уақыт пен ақынның өзімен өзі жалғыз отырып, ойға шомған қалпын сезінуімізге мүмкіндік береді. Ол өзінің ғашығымен кеңескендей болады. Екеуміз қанша үміттеніп көкке көз тіксек те, бізге ештеңе тимес, өйткені мен бұл өмірдің бар қызығынан бас тартып, бәрінен сенің махаббатыңды қымбат көрдім ғой дейді. Ағаттығым да болды дегендей, бірақ соны бір сен үшін істедім деген ой басымырақ. Лермонтов бұл өлеңді жас кезінде жазған. Өлеңдегі лирикалық қаһарман енді тағдырға мойынсұнып, дүниеде ғажайып күштің бар екеніне сенетінін айтса да, тәкаппар болуға, ғашығының көзіне солай көрінуге ұмтылғаны байқалады. Оның осындай көңіл-күйі, ой-тебіренісі Абайдың сипаттауында да айрықша әсерлі шыққан.
Қай жанрда жазылды?
Өлеңнің көлемі шағын болса да, мағыналық сыйымдылығы мол, ой-сезімге бай. Өлең 6-7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған. Шығарма түпнұсқада да, аудармасында да 16жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Күнді уақыт итеріп
Көк жиектен асырса,
Көлеңке басын көтеріп,
Алысты көзден жасырса –
Сонда көңілім жоқтайды
Татуы мен асығын,
Көзі жетіп тоқтайды
Өткен күннің қашығын.
Көкке бақтым алла деп,
Тамаша етіп құдіретін.
Рахматы оиың онда көп,
Бізге түк жоқ тиетін.
Неге сүйсін ол мені,
Өзім ақымақ, алмадым,
Көрдім артық бір сені
Рахматынан алланың.