Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КҮЛІМСІРЕП АСПАН ТҰР»

«КҮЛІМСІРЕП АСПАН ТҰР»

(М.Ю.Лермонтовтан)

1892-1893

Сөз зергерінің 1892-93 жылдары орыс ақыны М.Ю.Лермонтовтың ғұмырының соңында жазылған «Выхожу один я на дорогу» атты шоқтығы биік өлеңінен жасаған көркем аудармасы.

Қашан жазылды?

Орыс классикалық әдебиетінің заңғар тұлғасы М.Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» туындысын Абай 1892-93 жылдары 47 жасында шалқар шабыттағы суреткерлік шеберлікпен аударған.

Қайда жазылды?

28 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Өлең алғаш рет 1940 жылғы Абай жинағының ІІ томында жарияланған.

Өлең не жайында?

М.Лермонтов шығармашылығын зерттеушілер өлеңді сезімтал да сыршыл жанның өлімі алдындағы өсиеті, жан азасы деп қарастырады. Абай М.Лермонтовтың бес шумақ өлеңін екінші шумағынан бастап еркін аударған. Өлеңнің жалпы мазмұнын сақтай отырып, оны өз жанын тебіренткен көңіл-күй түйсіктерімен, сезім толқынымен, көркемдік таным-талғамымен толықтыра түскен.

Сыршыл ақын жан қымықтыратын торығу мен түңілу, жабырқау мен жабыңқы сарынынан алшақтап, жан тыныштығының сиқырлы да сырлы сезіміне салқын ақылмен ойысады. Мүлгіген тынық тұмса табиғат тылсымына бойлап, жаратылыстың дүлей күші жарасымына арбалады, саф тазалығына тұшынады, рух асқақтығын аңсайды. Тынымсыз аласұрған жан әлемінің табиғат үйлесіміндей асқақтық таппағанына шарасыздық танытып, күйінгендей болады. Өзіне, өмірге, болмысқа көңілі толмаған жанның өз ортасын жатсынуы, өгейсінуі сынды желісі үзілмес тұрақты сарын белгілері бой көрсетеді. Жабыққан көңілін табиғат құбылысымен шендестіре суреттеп, «Қапамын мен, қапамын, Қуаныш жоқ көңілде. Қайғырамын жатамын, Нені іздеймін өмірде?», — деп басындағы алаң көңілден туған мұңды сарынға толы жүрек шерін, қасіретке толы қайғысын тарқатады, рухани жалғызсыраған суық кейпінен хабар береді.

Тума талантқа тосырқай қарайтын қытымыр ортадағы ойлы жанның жалғыздықтағы психологиялық пұшайман күйін үңгиді, көкірегін кернеген мұңын шағады. Келешектің шуақты сәттерінен, жарқын күндерінен үміт үзіп торыққанымен, «Өлімнің суық тым сиқы, Тұрсын өмір жылытып. Көз ұйқыда, ой тыншып, Дем алып жатсын көкірек» деп жаратылыс тылсымын түйсінеді, табиғат үйлесіміндегі өмір мәнін, күрес рухын жан-тәнімен сезінеді. Сезіне отырып ғұмырын сүйспеншілікпен жаңартып, жан рахатымен түрлендіруді көздейді.

Жанға жайлы қоңыр салқын тыныштық, мамыражай рахат тілеген сыршыл ақын осынау жаһандағы Ю.Лермонтовтың жалғыздық сарынын дамыта түседі. Табиғат тылсымы арқылы тұйықтаулы қазақ қоғамының қайшылықты болмысына бойлайды. «Мансап іздер, мал құмар, Бәрі мақтан іздеген. Мақтанынан не туар Ыза қылып өзгеден» деген торығуын жеткізеді. Мансап пен байлыққа, бос мақтанға желігетіндердің жетесіздердің жеке бастың көңіл-күйін күйттеудегі таяздығына қамығады. Жүрегін толқытып, көкірегін қарс айырған әлеуметтік мәселелермен астастыра түрлендіреді [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.185]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көңіл-күй және философиялық лирика жанрнда жазылған. Көлемі әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 7 шумақ өлең. Абай М.Лермонтов өлеңін түр жағынан өзіндік шеберлікпен түрлендіреді. Орыс ақынының өлеңі 10-11 буынды болса, Абай оны 7-8 буынды шалыс ұйқаспен жазған.

Күлімсіреп аспан тұр,

Жерге ойлантып әрнені.

Бір себепсіз қайғы құр,

Баса ма екен бендені?

Қапамын мен, қапамын,

Қуаныш жоқ көңілде,

Қайғырамын жатамын,

Нені іздеймін өмірде?

Қайтты ма көңіл бетімнен,

Яки бір қапыл қалды ма?

Өткен күйге өкінбен.

Әм үміт жоқ алдымда.

Іздегенім тәтті ұйқы,

Дүниені ұмытып.

Өлімнің суық дым сиқы,

Тұрсын өмір жылытып.

Көз ұйқыда, ой тыныш,

Дем алып жатсын көкірек.

Кім таласса, кім ұрсып,

Көрссм оны – сол керек.

Өзім аулақ бетінен,

Бір орында оңаша,

Дүние деген не деген –

Қыла жатсам тамаша.

Мансап іздер, мал қуар,

Бәрі мақтан іздеген.

Мақтанынан не туар,

Ыза қылып өзгеден.