(Я.П.Полонскийден)
1899
Абайдың Я.П.Полонскийдің «Сердце» өлеңінің еркін аударылған нұсқасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1899 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайүғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909, 1954 жылғы басылымдарда 2-шумақтың 4-жолы «Қыйтықсыз қызықпенен бас қосқанша» делінсе, басқа басылымдарда бұл жол «Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша» болып алынған. Ал 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда соңғы шумақтың 1-жолы «Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсе керек» болса, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылым негізінде «Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек» деп берілген.
Өлең не жайында?
Бұл өлең алғашқы жинақтар мен қолжазбаларда М.Ю.Лермонтовтан аударылған деп көрсетіліп келді. Шынында өлең Лермонтовтың 1891 жылғы бір жинағында жаңылыс басылған. Өлеңнің Я.Полонскийден аударма екендігін абайтанушы 3.Ахметов анықтады. Өлең орысшасында да, Абайда да алты шумақ, 24 жол. Бірақ орысша нұсқада 3- шумақпен 6-шумақ түгелдей бірін-бірі қайталайды. Ал Абай болса, өлеңнің соңында алдыңғы шумақты қайталамай, «адам тағдырға көнбек» деген ойды басқаша айтып, нақтылай түскен. Бірақ, әрине, одан өлеңдегі мұңды сарын кемімейді. Сонымен бірге Абай өмірге құштарлық идеясын да күшейте түскен.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы,
Теңіздің түбіндей-ақ қарап бақшы.
Сол жүректен жылылық, достық пенен
Бұлақша ағып ғаламға тарамақшы.
Жан шөлдер өзіңдеймен танысқанша,
Бірінен бірі үлесіп алысқанша.
Құмарланар, сүйісер жүрек тауып,
Қытықсыз қызықпенен бас қосқанша.
Жұрттың сөзі: тағдырға адам көнбек,
Бір антұрған еріксіз мезгіл келмек.
Осы сенің қызығың, қуанышың
Сағымша жоқ боп кетіп түгесілмек.
Бейне бір сол қазынаны бір жау алмақ,
Жүректің кең дариясы құрып қалмақ.
Суық ақыл жүрекке бұйрық жазып,
Оны бір өзі өзгеше жолға салмақ.
Жүрегін пайдасы үшін жұрт ұсатпақ,
Кірмен өлшеп базарға ұстап сатпақ.
Оны сатып, ол кімді уатады?
Оның өзін тағы да кім уатпақ?
Жұрт айтқан сол ант мезгіл келсең керек…
Мен де пенде, амалсыз көнсем керек.
Қызығы зор қайран дос, қайран тату,
Сендер өлдің, мен-дағы өлсем керек!