Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ БІР ЖЫМ-ЖЫРТ ТҮНДЕ ЖАЛҒЫЗ»

«ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ БІР ЖЫМ-ЖЫРТ ТҮНДЕ ЖАЛҒЫЗ»

(М.Ю. Лермонтовтан)

1898

Өміргеой көзімен қарай білудің, терең сезімталдық, сыршылдықтың үлгісі боларлықтай лирикалық туынды. М.Ю. Лермонтовтың «Выхожу один я на дорогу» өлеңінің аудармасы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945 жылғы басылымда 1-шумақтың 2-жолы «Тасты жол жарқырайды буға амалсыз» делінсе, кейінгі басылымдарда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол «Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз» деп алынған. 1945, 1954 жылғы жинақтарда 2-шумақтың 3, 4-жолдары «Менің де мұнша қапа, қысылғаным, Үміт пе, өкініш пе ойлағаным», 4-шумақтың 2-жолы «Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бір дегенім» болса, кейінгі басылымдарда бұл жолдар 1909 жылғы жинақ негізінде «Менің не мұнша қапа қысылғаным», Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?», «Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бер дегенім» болып қабылданған.

Өлең не жайында?

Ақын жарық түнде жалғыз жолға шыққанын айта отырып, аспан мен жердің, жоғарыда жылт-жылт етіп көрінген жұлдыздардың ғажайып әдемілігін тамашалап, ғарыштық кеңістікті бар жанымен сезінгендей болады. Сондықтан оның өз көңіл-күйін қозғайтын әр сөзі ерекше салмақты, мәнді болып шыққан. Өлеңдегі мұңды сарын да, тыныштық, азаттық іздеу де адамды жадырататындай әсер береді. Осы өлеңнің идеялық өзегі, тірегі болған өмірге құштарлық: «Көкірегімде өмірдің күші тұрып, Іздеймін дем алысты үзбегенін…» — деген сөздерден әсіресе айқын танылады. Абайдың өлеңі Лермонтов нұсқасына жолма-жол сәйкес келіп отырады.Мағынасы жағынан әбден жақын және көркемдігі де өте жоғары.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 20 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,
Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз.
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз.

Мен көрдім көктің ғажап жасалғанын,
Жер ұйықтап, көкшіл шықпен бу алғанын,
Менің не мұнша қапа, қысылғаным?
Үміт пе, өкініш пе ойланғаным?

Дүниеден үмітім жоқ менің деймін,
Өмірге өткен титтей өкінбеймін.
Азатгық пен тыныштық көксегенім,
Ұйықтамақ пен ұмытпақ деп іздеймін.

Өлімнің ұйқысы емес іздегенім,
Ұйқы, тыныштық, ұмыту – бер дегенім.
Көкірегімде өмірдің күші тұрып,
Іздеймін дем алысты үзбегенін.

Су сылдырап, жел гулеп, күн шуақтап,
Жылылық пен достықты тұрсын мақтап.
Өнген, өскен жақсы деп емен ағаш,
Теңселіп айтып тұрса, ол шайқақтап.