(И.А.Крыловтан)
1898
Абайдың И.А.Крыловтан немесе басқа нұсқадан аударған туындысы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық керген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945, 1954 жылғы басылымдарында 7-шумақтың 4-жолы «Жаппарқұл мырза» атанған делінсе, кейінгі жинақтарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбалары (1905, 1910) мен 1909 жылғы жинақ негізінде «Жаппарқұл мырза» аталған болып берілген.
Өлең не жайында?
Абай мысалының мазмұны Крылов шығармасынан мүлдем өзгеше. Крыловта есек мойнына қоңырау таққанға мәз болса, Абайда үстіне алтын артқанға есіреді. Біріншісінде – алғашында қоңырауына мәз болған есек артынша-ақ одан опық жейді. Екіншісінде – есек үстінде алтыны бар кезде құрмет кереді де, оны жеткізіп алған соң «боқ тасуға жегіледі». Орыс ақынының мысалынан: жылпостар қалай шені өссе, солай адам танымастай өзгеріп кетеді деген түйін білінсе, ал Абай өлеңінен ақынның өзі айтқандай: «Қарасаңшы бойыңа, Ұзын құлақ қалпың ғой. Жұрт ергені соңыңа Үстіңдегі алтын ғой», -деген әлеуметтік үлкен ойды аңғаруға болады.
Қай жанрда жазылды?
Түпнұсқа 25 жолдан тұрса, Абай оны толықтырып, 40 жолға жеткізген. Өлең 6-7 буыңды шалыс ұйқаспен кестеленген. Әрқайсысы 4 тармақты 10 шумақтан тұрады. Абай Крыловтың мысал-өлеңін өзінше түйіндейді.
Қай тілдерге аударылды?
Мысал орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Қырық-елу қос бір жерден
Қайтқан екен керуендер.
Мал айдап барып әр елден
Сауда қылып жүргендер.
Алтын артқан бір есек
Соларменен келеді.
Ол жай жүрсе, жұрт та жай,
Ол желсе, жұрт желеді.
Тамам қостың байлары
Маңайынан кетпейді.
Қошемет қылып бәрлері
Шомын да жөндеп ерттейді.
Ортаға алып әлгіні
Бәрі бірдей сыйлайды.
Бірі сүйіп құлақтан,
Бірі жүнін сыйпайды.
Сылап-сыйпап, қадірлеп,
Беретұғын жем де артық.
Есер шіркін есіріп,
Болып алды тым тантық.
Көш бойы жұрт қасында,
Өзгеменен жұмыс жоқ.
Атты теуіп, адамды
Тістесе де сөгіс жоқ.
«Құдай аман сақта,- деп —
Жарда, суда!»- бата алған.
Еркелетіп ат қойып,
«Жаппарқұл мырза» аталған.
Алтын үсте жүргенде,
Сол қадірмен көп жүрген.
Өз ойында көк есек
Өзгеше тудым деп жүрген.
Алтынды бір күн бай алды,
Есектен жұрт та түңілді.
«Жаппарқұл» аты жоғалды,
Боқ тасуға жегілді.
Қарасаңшы бойыңа,
Ұзын құлақ қалпың ғой.
Жұрт ергені соңыңа —
Үстіндегі алтын ғой.