(М.Ю.Лермонтовтан)
1897
Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «В минуту жизни трудную» өлеңінің аудармасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1897 жылы аударылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1940 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланған. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Ақынның өткен күңді еске алып, ойға кеткен тебіреністі шағын елестететін элегия үлгісіндегі лирикалық туыңды. Автор махаббатты адам өміріндегі ең қызықты дәуренге балайды да, оны тіршілікте тындырған жақсы істер мен өшпес өнегелі өмірдің қатарына қояды. Сонымен бірге сүйіспеншіліктің басты шарты сұлулық емес, парасатты ақыл, таза жүрек, биязы мінез екенін де ескере кетеді. Өмірде бастан кешкен өз қызығың жұртқа жасаған жақсылықтан бір де кем түспейтінін айта келіп, ақын адам өмірінің осындай ізгілік пен сүйіспеншілікке толы болуын жақтайды.
Қай жанрда жазылды?
Шығарма 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 3 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Ерекше естен кетпес қызық қайда?
Жолығатын қыз қайда терең сайда?
Сұлулығын қояйын, мінезі артық,
Ақылды, асыл жүрек, сөзі майда.
Бұл өмір қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де, өлмегенмен боласың тең.
Жүректен ізі кетпес қызық көрсек,
Жақсылықты аянбай жұртқа бөлсек,
Жақынның да, жардың да, асықтың да,
Бәрінің де қызығын көріп білсек.