(М.Ю. Лермонтовтан)
1897
М.Ю. Лермонтовтың «Молитва» өлеңінің аудармасы. Орыс ақынында осы аттас үш өлең бар. Мына шығармасы княгиня М.А.Щербатоваға арналған.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1897 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны ИбраҺим Қүнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.
Өлең не жайында?
Өлеңде дұға оқыған кездегі сөздің орасан күш-қуаты, оның әсем әуезділігі адам жанына жағымды әсер ететініні де айрықша аталады.
Қай жанрда жазылды?
Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен кестеленген. Шығарма орыс ақынында да, қазақ ақынында да 12 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Өмірде ойға түсіп кем-кетігің,
Тулағыш мінезің бар, жүрек, сенің.
Сонда сенің отыңды басатұғын,
Осы өлең – оқитұғын дұғам менің.
Ішінде бір қуаты барға ұқсайды,
Тірі сөздің жаны – сол, айрылмайды.
Қасиетті нәфәсі¹ желдей есіп,
Қайнап тұрған ыстық қан салқындайды.
Жаныңның ауыр жүгі жеңілгендей,
Көңілден кернеген кек кемігендей –
Болады жылауға да, сенуге де,
Жүректің басынан у төгілгендей.