(М.Ю. Лермонтовтан)
1897
М.Ю. Лермонтовтың «Исповедь» поэмасынан аударма.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1897 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылыСанкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 3-шумақтың 2-жолы «Әділетсіз бір жастың қанын жұтсын», 11-шумақтың 3-жолы «Менің ішім өзіңе мәлім шығар» делінсе, басылымдарда бұл жолдар «Әділетсіз бір жастың басын жұтсын», «Менің ісім өзіңе мәлім шығар» болып алынған.
Өлең не жайында?
Абай поэманың өзекті тұсын, яғни жалған жаланы мойындамайтын, әділетсіздікке көнгенше жанын қиюға даяр ежет, өршіл жас жігіттің сөзін түгелдей аударған. Ұшқыр қиял Лермонтов поэзиясының рухы, жаны екенін осы поэмадан да анық байқаймыз. Әрекетсіз, күрессіз өмір бос деген ой, өмірдің әр күнін өлмес, өшпестей ету арманы –поэмадағы жалынды жас жігіттің бейнесіне айрықша тартымды сипат дарытады. «Болсам деген талапты ұмытқан соң, Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?» — дейді ол. Осы бір сөзде қаншалық өмір сүйгіштік бар. Абайдың аудармасындағы осы сөздерден-ақ Лермонтов поэзиясының ерекше қасиетін танытатын жаңа леп есіп түр.
Қай жанрда жазылды?
Шығарма Лермонтовта 84, Абайда –64 жол. Алайда аударма түпнұсқаға мағынасы жағынан жақын, көп жерлері Лермонтов нұсқасына сайма-сай келіп отырады. Өлең 11 буыңды қара өлең ұйқасымен жазылған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Босқа әуре боп келдің бе тағы мұнда?
Хүкімші шалдар мәз боп отыр ма онда?
Антұрғандық қылығын алла ісі деп,
Нандырар қандай сопы, қандай молда?
Мені өлтірді-ақ, не пайда осыларға?
Менің өмірім оларға қосылар ма?
Ол шалдар қыршын жасты қиғанменен,
Өз бойына жапсырып тұшынар ма?
Сопысынсын, хақ десін, хақты ұмытсын,
Әділетсіз бір жастың басын жұтсын.
Қайнап тұрған қанымды ішкенменен,
Қаңсыған, қатқан ішін не жылытсын?!
Өлтірер, жерге тығар, мола қылмас,
Сүйтсе де жер томпайтпай қойып болмас,
Дірілдеп сол молаға шықса шалдар,
Басқыш болып аспанға шығара алмас.
Бейкүнә зорлықпенен шыққан жаным
Бейішке басшы болар деме, залым!
Суық қабір – қайғысыз ұйқы орны ғой,
Оңай ма жас өмірден айрылғаным?
Мен жаспын, білесің бе жастықты сен?
Не қызықты үміт бар ойға келген!
Көріп пе ең, я болмаса, ұмыттың ба,
Іштегі отты достық пен қастық деген?
Ай, жұлдыз, ағарған таң, жарық күн бар,
Жазғы құс, жапырақта қандай мін бар?
Күндізгі харекеттен босағанда,
Өзіңе өзің тиген тәтті түн бар.
Сағыныш бар, дүниеде жұбаныш бар,
Көңілді көтеретін қуаныш бар.
Құлын-тайдай айқасып, ойын салып,
Кептерше сүйеніскен демалыс бар.
Дүниедегі қызықтың бүгін бәрі
Саған салқын тартқандай, сен – бір кәрі.
Болсам деген талапты ұмытқан соң,
Құр кеудеге өмірдің несі дәрі?
Мен – сен емес, жас күнім жайнап тұрған,
Жүректе түрлі талап қайнап тұрған.
Сендер сүрдің, мен де өмір сүрмес пе едім?
Бір шырақ сөнер, кетер саулап түрған.
Есіткелі келдің бе сырымды сен?
Олардың мақсаты не – білмеймін мен.
Менің ісім өзіңе мәлім шығар,
Көңілді түгел айтып болмайды екен.
Менің кеудем сендерге сандықпен тең,
Мүмкін болса, қақ жарып ашып көрсең.
Ішін түгел көрген соң өз көзіңмен,
Тахқиқ¹ мені күнәкар, қу демес ең.
Мейлің өзің, монастырь қылған істі
Алла ісі деп көңілінде көрсең күшті.
Хақ салған бұл кеудемде бір закон бар,
Оны құдай өзгеңнен кем демес-ті.
Ақтығымды біледі сол көкірек,
Сол законге билеткен біздің жүрек.
Алла берген хауіпті осы сырым
Көрге бірге өзіммен барса керек.
Мен – өлі жан, ешкімді талғамаймын,
Рақымсыз билеріңді қарғамаймын.
Мен кешерлік сүйтсе де іс қылған жоқ,
Разымын деп жалған сөз жалғамаймын.
Қазір тірі, дүниеге мен де ортақпын,
Осы күн батпай, батып жоғалмақпын.
Алдыңдағы асау жас қайнап тұрған
Мен болмаспын – бір уыс топырақпын.