Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БАЙЛАР ЖҮР ЖИҒАН МАЛЫН ҚОРҒАЛАТЫП»

«БАЙЛАР ЖҮР ЖИҒАН МАЛЫН ҚОРҒАЛАТЫП»

1886

Абайдың ауқатты, малды байлардың, атқамінер әкімсымақ, қу пысықтардың жем етіп жүргендерін суреттеп жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Бұл өлеңді Абай 1886 жылы 41 жасында жазған.

Қайда жазылды?

18 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлең алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта басылған (1-бөлік. Халық туралы, 7-бет). Өлең негізгі жинақтарының бәрінде басылған. Мүрсейіт қолжазбаларының 6-жолындағы «бір қағаз» тіркесі 1909 жылғы жинаққа сәйкес «бір арыз» деп өзгертілген.

Өлең не жайында?

Өлеңде ақын өтірік пәле жауып, «бұтып-шатып» арыз беріп, момындарды қорқытып, еңбек етпей мал табу әрекетімен әуре болып жүрген бұзақыларды әшкерелейді.

Қай жанрда жазылды?

Шығарма қазақтың 11 буынды қара өлеңі үлгісімен жазылған, көлемі 18 жол. Алғашқы 8 жолы дәстүрлі қара өлең ұйқасымен, соңғы 10 жол аралас ұйқаспен өрнектелген.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз, татар, қарақалпақ, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Байлар жүр жиған малын қорғалатып,

Өз жүзін, онын беріп, алар сатып,

Онын алып, тоқсаннан дәме қылып,

Бұл жұртты қойған жоқ па құдай атып?

Барып келсе Ертістің суын татып,

Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып,

Елді алып, Еділді алып есіреді,

Ісіп-кеуіп, қабарып келе жатып.

Әрі-бері айналса аты арықтап,

Шығынға белшесінен әбден батып.

Сұм-сұрқия, қу, білгіш атанбаққа

Құдай құмар қылыпты қалжыратып.

Қорғаласа, қорықты деп қоймаған соң,

Шаптырады қалаға бай да аңдатып.

Күшті жықпақ, бай жеңбек әуел бастан,

Қолға түсер сілесі әбден қатып.

Жаны аяулы жақсыға қосамын деп,

Әркім бір ит сақтап жүр ырылдатып.