(М.Ю. Лермонтовтан)
1898
М.Ю. Лермонтовтың «Больное сердце бьется ровно» өлеңінің аудармасы.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Бұл өлең ең алғаш 1933 жылғы жинақта «Лермонтовтан» деп аталып, басылған (218-219 беттер).
Өлең не жайында?
Өмірден қажып, айналадағы тіршіліктен түңілген, жан азабын тартқан адамның көңіл күйін білдіреді. Шығарманың лирикалық кейіпкері бір кездегі қажыр мен қайратқа толы харекет иесі, күрескер адамның өмір тақсіретін көп көріп, ақыры сол тынымсыз ұзақ арпалыстың баянсыздығынан шаршап-шалдыққан шақтағы шарасыз халін көзге елестетеді.
Қай жанрда жазылды?
Туынды қара өлең ұйқасымен өрнектеліп, 11 буынды дәстүрлі үлгімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 5 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен. Және Абай аудармасы бойынша ағылшын, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Шаршап қалған кеудемде тулай алмай.
Кейде ыстық қан басып кетеді оны,
Дөңбекшіген түндерде тыншыға алмай.
Қараңғы саңырау қайғы ойды жеңген,
Еркелік пен достықты ауру көрген.
Ақылы жоқ, ары жоқ шуылдақты
Күнде көріп, тұл бойы жиіркенген.
Тірілтіп өткен күнді, тағы шөлдеп,
Осы күнді күн демес қарғап, міндеп.
Кейде тілеп бақ пенен тағы тыныштық,
Кейде қайғы, азапты тағы да іздеп.
Кейде ойлайды жылауға қайғы зарын,
Тынышсыз күнде ойлаған дерттің бәрін.
Кейде онысын жасырар жұрттан ұрлап,
Кетірер деп мазақтап беттің арын.
Ауру жүрек ақырын соғады жай,
Өз дертін тығып ішке, білдіре алмай.
Кейде ыстық тағы да қан басады,
Кейде бір сәт тыншығар үн шығармай.