(М.Ю.Лермонтовтан)
1902
Абайдың М.Ю.Лермонтовтың «На буйном пиршестве задумчив он сидел» өлеңін еркін аударған нұсқасы. М.Лермонтов өлеңі француз жазушысы Ж.Ф.Лагарптың әңгімесі негізінде жазылған.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл өлеңді аударған уақыты басылымдарда 1902 жылмен көрсетілген.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Өлеңде Абай ойсыз, топас тобырдың ішінде отырған өзгеден ойы озық, көреген, алдағыны болжай алатын адамның ерекше тұлғасын салмақты етіп, ірілетіп көрсетуге ерекше мән береді. Ақын түпнұсқадан ауытқымайды, түсі суық жанның көрегендік сөздерін өзінше өзгертіп ұсынады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Орысша түпнұсқа үш шумақ, 12 жол. Қазақша нұсқасы 4 тармақты, 4 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.
Асау той, тентек жиын, опыр-топыр,
Ішінде түсі суық бір жан отыр.
Алысты тұманданған ол ойлайды,
Өзге жұрт ойды нетсін, өңкей соқыр.
Ішкен-жетен, таласқан, ойнап-күлген,
Кезек жоқ, келісім жоқ, сөйлей берген.
Дауырыққан, күліскен, өлеңдеткен
Қайғысызға қайғырып, жиіркенген.
Көп отырды, қозғалды сөйлегелі,
Құлағымда бүгін тұр соның үні:
Сендерге не жүмыс бар тағдырменен,
Ойнай бер де, күле бер күні-түні.
Ойынға ойсыз надан бәрі құмар,
Дүние істеп өз жүмысын жатқан шығар.
Елемесең, елетер, бір танытар,
Қайда айдаса, барасың, — кім тартынар?