Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АЛА ҚОЙЛАР»

«АЛА ҚОЙЛАР»

(И.А.Крыловтан)

1898

Абайдың И.А.Крыловтың «Пестрые овцы» өлеңінен аударған туындысы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді И.А.Крыловтан аударған уақыты басылымдарда 1898 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Мысал алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық ауытқулар кездеседі. 1945, 1948 жылғы жинақтарда 6-шумақтың 2-жолы Мүрсейіт қолжазбалары бойынша: «Өлтірмек боп оңай-ақ, қойды сығып» деп берілсе, 1954 жылғы жинақтан бастап 1909 жылғы басылым негізінде: «Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып» деп түзетілген.

Өлең не жайында?

Мазмұны: арыстан аң патшасы болып, жануарлар әлеміне үстемдігін жүргізіп тұрған кезеңінде, бір күні жайылып жүрген ала қойларды көріп, жақтырмай қалады. Сонсоң оларды құртудың амалын ойлайды. Шетінен қырып тастауды ыңғайсыз көреді де, осының жолын табу үшін аю мен түлкіні шақырып ақылдасады. Сонда түлкінің берген кеңесі: Ала қойларды оңаша бөліп шығарып, қасқырға бақтыру керек. Арғы жағын қасқырдың өзі реттей жатады,- дейді. Айтқандай-ақ, аз уақыттың ішінде қасқыр баққан қойлардың аласы да, ағы да таусылып бітеді. Мысалдың астары: күштінің көңілінен шықпаған жанның бәрі жаман. Сондықтан ол жазалануға тиіс. Ол жазаны билеуші өз қолымен емес, басқа бір жаналғыш арқылы-ақ жүзеге асыра алады. Сонда оның атағына да кір келмейді, ойындағысы да орындалып тынады.

Қай жанрда жазылды?

Абай Крылов мысалының жалпы мазмұнын сақтай отырса да, кей жерлерде сөз тастап, не шумақ санын көбейтіп, 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазған. Әрқайсысы 4 тармақты 11 шумақтан тұрады, барлығы 44 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Бір таудағы хайуанды бір арыстан
Билеген патшасы екен әуел бастан.
Әділ атақ алмақшы ниеті бар,
Ешкімді ауыртпастан, жылатпастан.

Онысы рас, басында тәуір болған,
Сөйтсе де кімді бұзбас бақ антұрған.
Алдынан жан шықпаған патшамыздың
Ала қойды көргенде көзі ауырған.

Ала қойда кінә жоқ жүннен басқа,
Қойдан қашып шығыпты патша тасқа.
Көрсе қаза тұрады аза бойы,
Болмады бұған айла ойламасқа.

Тұрды патша қайғырып уайым жеп:
«Ала қойды болады қайткенім еп?»
Аю, түлкі – қасында уәзірлері,
Кеңеседі оларға «қайтемін?» – деп.

Қолбаң етіп, қорс етіп сөйледі аю:
– Батыр патшам, не керек көп ойлану?
Қойды жан деп, есіркеп кім аяйды?
Ақылы ала қойдың – қырып салу.

Қабағын түйді арыстан сөзін үғып:
Өлтірмегім оңай-ақ қойды сығып.
Өз жұртын өзі қырған патша бар ма?
Жаман аттан қорқамын, кетсе шығып.

Бекер қан төктірмеңіз, әділ патшам,
Сөкпеңіз, – деді түлкі, – мен сөз айтсам.
Оңаша бір өзенді қойға беріп,
Қайраңында семіртіп, кең жайлатсаң.

Жарлықты кешіктірмей тез беріңіз,
Жаманды жақсыменен тең көріңіз.
Ала қой қорыққаннан өзі азаяр,
Қойшылыққа қасқырды жіберіңіз.

Қара деп қатты тапсыр ала қойды-ақ,
Өзгесі өсер, ол кемір, сөзіме бақ
Жақсы сөзбен біреуге тапсырған соң,
Жаман аттан боласыз сіз-дағы аулақ.

«Құп» деді, оны арыстан қабыл көрді,
Қасқырға «жақсы бақ» деп жарлық берді.
Ала түгіл ағынан тыныш бопты,
Түлкінің айтқанындай қылып еді.

Түлкінің айтқаны рас, жұрт – ақылсыз,
Көре салды қасқырдан баяғы арсыз.
Антұрғандық түлкі мен арыстанда,
Ол болмаса, не қылмақ қасқыр жалғыз?