Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ»

«ҚАЛЫҢ ЕЛІМ, ҚАЗАҒЫМ, ҚАЙРАН ЖҰРТЫМ»

1886

Ақынның терең де күрделі ойлары шерлі жүректен шымырқанып, толқып шыққан, тұтас халыққа арнап жазған өлеңі.

Қашан жазылды?

Адамгершілік, қайраткерлік биігіне көтерілген ақынның бұл өлеңі 1886 жылы 41 жасында жазылған.

Қайда жазылды?

30 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (1-бөлік. Халық туралы, 6-бет). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1954 жылғы жинақта 12-жол «Бір күн тыртың етеді, бір күн жыртың» делінсе, 1939, 1945, 1957 жылғы басылымдарда «Бір күн тыртың етеді, бір күн бұртың» болып алынған. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909 жылғы жинақта 13-жол «Өз басына би болған өңкей қыйқым» болса, кейінгі басылымдарда «Бас-басына би болған өңкей қыйқым» деп берілген. 1909 жылғы жинақтан бастап, барлық басылымдарда өлеңнің екі шумағы «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кетпесе енді өз ырқың» деп басылса, Оразке қолжазбасында «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп жазылған (Оразке қолжазбасы Абай мұражайының қолжазбалар қорында сақтаулы) және осы нұсқа кейінгі басылымдарға енген.

Өлең не жайында?

«Өлеңде ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп дерттенеді», — дейді М.Әуезов, — «Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап отырғаны «қалың елі, қазағы…» Оны «қайран жұртым» деп, бар жанымен ынтыға сүйеді. Бұның қамын ойлағанда, қамырыққа көңіл толады». Абайды дерттендірген, халқының басына түскен тарихи трагедия – «Қалың елі, қазағы» Ресей империясының отарына айналып, ерікті елдігінен айырылып, «өз малын өзімдікі дей алмайтын» хәлге душар болған қайғы-қасіреті еді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасы үлгісінде жазылған, көлемі 30 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, татар, түрікмен, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.

Бет бергенде шырайың сондай жақсы,

Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?

Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,

Аузымен орақ орған өңкей қыртың.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде – ұйқың.

Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,

Бір күн тыртың етеді, бір күн – бұртың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.

Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,

Оның да алған жоқ па құдай құлқын?

Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,

Сапырылды байлығың, баққан жылқың.

Баста ми, қолда малға талас қылған,

Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.

Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,

Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?

Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,

Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.

Ұғындырар кісіге кез келгенде,

Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?