Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ»

«ТАТЬЯНАНЫҢ ОНЕГИНГЕ ЖАЗҒАН ХАТЫ»

(А.С.Пушкиннен)

1889

А.С.Пушкиннің «Евгений Онегин романындағы «Татьянаның Онегинге хатының» Абай туындатқан нұсқасы.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

Аудармада Татьяна бейнесі орысша түпнұсқасының басты ерекшеліктері сақталып, шебер суреттелген. Татьянаның сол хатынан орыс қызының ашық мінезділігі, адалдығы, сезімталдығы, сенгіштігі –бәрі де айқын көрініп тұр. Сондықтан бұл хаттың Татьянаның мінез-бітімін, психологиясын, жан сезімінің нәзіктігін танып-білуде үлкен мәні бар екені сөзсіз.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7-8 буынды шалыс ұйқас өрнегімен кестеленген. Шығарма түпнұсқада 79, аудармасында 76 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Амал жоқ – қайттім білдірмей,

Япырмау, қайтіп айтамын?

Қоймады дертің күйдірмей,

Не салсаң да тартамын.

Талайсыз, бақсыз мен сорлы,

Еріксіз аттап ұяттан,

Қорлыққа көндім бұл құрлы,

Байқалар халім бұл хаттан.

Әлімше мен де ұялып,

Білдірмен дедім өлсем де.

Шыдар ем күйіп, мен жанып,

Айында бірер көрсем де.

Болмады көріп қалуға,

Есітіп біраз сөзіңді.

Шыдар ем бір ай жатуға,

Ұзақ түн жұмбай көзімді.

Қызықтан қашып бұл жерге

Көңіліңіз суып келіпсіз.

Мәнісін сұрап бірерге,

Тілдесе алмаймын еріксіз.

Келмесең егер сен бізге,

Сау болмас па ем, әлбетте?

Болмасам ашына мен сізге,

Түспес ем мұндай бейнетке.

Асау жүрек қайнамай,

Жуасыр ма еді кезінде?

Елден бір жақсы сайламай,

Бармас па ем ерге өзім де?

Өзгеге ешбір дүниеден

Еркімен тимес бұл жүрек.

Әзелде тағдыр иеден,

Қожам – сенсің, не керек.

Тіршілігім – құрбандық,

Шыдамай сені көргенше.

Тәңірімнен келген бұл жарлық,

Ием – сенсің өлгенше.

Әуелде кірдің түсіме,

Ортақтасып өміріме.

Толғау салып ішіме,

Сол күнде-ақ жақтың көңіліме.

Құдайдан болғай деп емі,

Құдайыны мол бердім.

Көрген жерде-ақ мен сені,

«Осы екен ғой – сол» дедім.

Жатқан сайын ұйқыға,

Дұға оқушы ем, шошынып.

Ұнатып мені құлқыңа,

Жүруші едің қосылып.

Түсімде мені жұбантып,

Жылы сөзбен сөйлесіп.

Кетуші едің қуантып,

Қалушы еді көңіл өсіп.

Шыныңды айт, кімсің тербеткен,

Иембісің сақтаушы?

Әлде азғырып әуре еткен,

Жаумысың теуіп таптаушы?

Шеш көңілімнің жұмбағын,

Әлде бәрі – алданыс.

Жас жүрек жайып саусағын,

Талпынған шығар айға алыс.

Не болса да өзімді

Тапсырдым сізге налынып.

Толтырып жасқа көзімді,

Есірке деймін жалынып.

Бұл жерде ешкім сырымды

Білмейді, айтып не етейін?

Жақтырмай бұзсаң нұрымды,

Білдірмей күйіп өтейін.

Күтемін сізден қайта хат,

Қуандырып дертім жаз.

Ол болмаса, шынынды айт,

Кінә өзімде, өзіме аз.

Өз хатыма өз көзім

Ұялып, қорқып баға алмас.

Кепілім – сенің бір өзің,

Бөтен жан несіп таба алмас.