Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АЛЬБОМҒА»

«АЛЬБОМҒА»

(М.Ю. Лермонтовтан)

1896

М.Ю. Лермонтовтың «В альбом» атты шығармасының аудармасы.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл өлеңді М.Ю. Лермонтовтан аударған уақыты басылымдарда 1896 жылмен көрсетілген.

Қайда жазылды?

1 шумақтан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында аударылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұылының өлеңдері» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1945, 1954, 1957 жылғы басылымдарда 1-шумақтың 3-жолы «Көкірегім, бар сырым өз әлінше» деп берілсе, 1977 жылғы басылымда 1909 жылғы жинақ бойынша бұл жол «Көкірегім, бар сырын өз әлінше» болып алынған. 1909, 1945 жылғы жинақтарда 2-шумақтың 3-жолы «Өзі қисық, өзі асау, тентек өмір» деп басылған. Лермонтов түпнұсқасының бұл жері «От жизни краткой, но мятежной…» делінген. Шығарманы түгел дәлме-дәл аударған Абай бұл жолды: «Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір»,- деп аударғаны күмәнсіз. Бұл жерде араб әрпімен жазылғанда бір-біріне өте жақын болғандықтан, «қысқа» деген сөз «қисық» делініп қате оқылған. Сондықтан 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол «Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір» ретінде қабылданған.

Өлең не жайында?

Абай 1890 жылы Бірінші сөзінде: «Ақыры ойладым: осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан баскқа ешбір жұмысым жоқ», — деп жазған еді. Осы пікірін Абай өлең жайында да айтқан. («Өзгеге көңлім тоярсың»), әрі бұл ойы Лермонтовтың өзіне үндес шығармасын аудару арқылы жалғасын тапты.

Қай жанрда жазылды?

Абай Лермонтов өлеңінің мағынасын өзгертпей өте дәл аударған.Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған, түпнұсқада да, аудармада да 16 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс тілінен қазақ тіліне Абай аудармасы арқылы жеткен.

Сал демеймін сөзіме ықыласыңды,

Қайғылы өлең еттім өз басымды.

Көкірегім бар сырын өз әлінше,

Көрінгенге көрсетпей, көп жасырды.


Қол жазуды ермек ет, жатпа бекер,

Бұл көңілсіз дүниеден көп жыл өтер.

Өзі қысқа, өзі асау, тентек өмір

Арттағыға бір белгі қойса нетер?


Кім біледі, кез болса арттағылар

Ойға салып оқыр да, сөзін сынар.

Көзін салып, ойланып кейбір сөзін,

«Рас ау» деп мағынасын о дағы ұғар.


Кім білер, жабырқаңқы жазған сөзім

Жібермей, көп тоқтатар оның көзін.

Жолаушы жол үстінде тамаша еткен

Сықылды өткен жанның бір күмбезін.