Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ»

«ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ»

Ақынның халыққа, қоғамға пайдалы адам болу хақындағы адамгершілік қағидаларын, моральдік-этикалық ұстанымдарын  айқындайтын тәлімі терең өлеңдерінің бірі.

Қашан жазылды?

Адамгершілік кемелділікке жетудің өміршең өрісін, басты парызын, әдептілік өзегін, ар-ұждандық ұстындарын бағамдаған «Әсемпаз болма әрнеге» өлеңін Абай 1894 жылы 49 жасында жазған.

Қайда жазылды?

20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды.

Өлең не жайында?

Ақын күллі адам баласын аздырар кесірлі кесапат пен жаман қылықты түп тамырымен жойып, тұлға бойына асыл қасиеттерді сіңірудегі гуманистік мұратын жырлаудағы берік ұстанымынан тайған емес. Адамгершілік кемелділікке жетудің өміршең өрісін, басты парызын, әдептілік өзегін, ар-ұждандық ұстындарын бағамдайды. Рухани кемелділікке жетуге ұмтылған ізгі жанның қандай игі қылықтарды әдет етуі қажеттігі хақындағы білігін байыптайды. Үміт еткен жастарға сенім артқан ақын албырт өскіннің өмірден өз орнын алуға, еліне пайдалы арлы азамат болуға ой салады. «Әсемпаз болма әрнеге, Өнерпаз болсаң арқалан. Сен де – бір кірпіш, дүниеге Кетігін тап та, бар, қалан!» деп жаңа өмірдің іргесіне бірінші тас болып төселудегі адамдық жолын нұсқайды, игілікті міндет жүктейді. Адамның өмірлік мақсаты мен кісілік ізгі қасиеттерін айқындап, қоғамдығы орнын табуға, пайдалы іске ұмтылуға шақырады. Қайрат пен ақылды серік етіп, әділет, шапқатпен (рақыммен) ой мен бойды түзетуді ұсынады. Адам бойындағы хас қасиеттерді сипаттайды. Сол арқылы оның қауымға, қоғамға пайдалы жан болып шығуын көздейді. Кісілік қасиеттерің қоғам өміріндегі жақсы талабыңмен ұштасып жатсын дейді. Адамдық қасиет сыналар уақытта мақтанға салыну, бақай есеппен басқадан артылам деу, күндестікке берілу – әбестік деп біледі. «Алды – жалын, арты – мұз» жол айрығында тұйықталған жұртының ақиқат, әділдік жолынан адаспауын мұрат тұтады. Мінез-құлқындағы ұнамсыз сипаттарды суреттеп, адамшылыққа жөн сілтейді.

Адамның бойындағы ең асыл қасиет әділет, шапқат (гуманизм) екенін түйіп, осынау қасиеттер қоғам өмірінің игі мақсатына, ізгі талабына жұмсалсын дейді. Құр мақтанға бой алдырудағы әумесерлік пен әулекіліктен, бойдағы мінді жасырудағы даңғойлық пен дарақылықтан сақтандырады. «Майданға түспей бәйгі алма» деп өмір тартысында үнемі шыңдалу, жетілу, толысуға ұмтылу қажеттігін алға тартып, ақжүрек пейілің және ақ адал кәсібіңмен игілікке қол жеткіз деген емеурін білдіреді. Жамандық атаулымен жауласып өткен шыншыл ақын табан ақы, маңдай теріне сүйенбей, оңай олжаға аяқ артқан, біреуді-біреу жеген қоғамдық ортаның шынайы кейпіне жарық нұр түсіреді. Адал еңбекке, ғылым мен білімге ұмтылуға шақырады.

Өзгеден бақай есеппен артылам деудің қисынсыздығын, тек бойдағы жақсы қасиеттерің және ізгі істеріңмен ғана ойың озық, тұлғаң еңселі болатынын түйеді. Надандық шырмауындағы қоғам дертінен түңілгенімен, ары, жаны таза жас ұрпаққа үміт артады. «Ақырын жүріп, анық бас, Еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас Үйретуден балаға» деген қиялы шалымды аталық өсиетін айтады. Адамдық жолына, елдіктің азбас және тозбас кең өрісіне үндеген тәлімінің, үлгісінің еш кетпейтінен нық сенім артады. Қазақ тіршілігінің үйреншікті үрдісінен шығып, алыс өріске құлаш ұратын арлы жастардың заманның ыңғайына жүрмей өзінің «өздік» бетін мықты ұстауын көздейді. Өмір құбылысын суреттеудің жаңа әдісіне өрнек салады. Ақырын жүріп, анық басуында адастырмас адамгершілік қасиеттерін мораль философиясымен байланыстырады, толғаулы ойды шолады. [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.208]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Көңіл-күй, саяси-әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады. Өлең 7, 8 буынды шалыс ұйқас (абаб) үлгісінде жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, ұйғыр, түрікмен, неміс тілдеріне аударылған.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өнерпаз болсаң, арқалан.

Сен де – бір кірпіш, дүниеге

Кетігін тап та, бар қалан!

Қайрат пен ақыл жол табар

Қашқанға да, қуғанға.

Әділет, шапқат1 кімде бар,

Сол жарасар туғанға.

Бастапқы екеу соңғысыз

Біте қалса қазаққа,

Алдың – жалын, артың – мұз,

Барар едің қай жаққа?

Пайданы көрсең бас ұрып,

Мақтанды іздеп, қайғы алма.

Мініңді ұрлап жасырып,

Майданға түспей бәйгі алма.

Өзіңде бармен көзге ұрып,

Артылам деме өзгеден.

Күндестігін қоздырып,

Азапқа қалма езбеден.

Акырын жүріп, анық бас,

Еңбегің кетпес далаға.

Ұстадтық2 қылған жалықпас

Үйретуден балаға.

1 Шапқат, шәфхат (арабша) – аяу, рахым ету.

2 Ұстад, өстад (парсыша) – 1) үйретуші, оқытушы, тәрбиеші; 2) ұста; 3) профессор.