Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӘБДІРАХМАН НАУҚАСТАНЫП ЖАТҚАНДА» («Я, ҚҰДАЙ, БЕРЕ ГӨР!»)

«ӘБДІРАХМАН НАУҚАСТАНЫП ЖАТҚАНДА» («Я, ҚҰДАЙ, БЕРЕ ГӨР!»)

Абай көп үміт күткен сүйікті баласы Әбдрахман (Әбіш) науқастанып жатқанда мейірімі кең жаратушының көз жасын қабыл қылып, тұяғының тәніне саулық беруін сұрап шығарған өлеңі.

Қашан жазылды?

Жанындай сүйген ұлы Әбдірахманның дертке ұшырап, науқастанып жатқаны туралы қайғылы хабарды естігендегі тұңғиық мұңға батқан күйініштегі шемен шеріне құралған «Әбдрахман науқастанып жатқанда («Я, құдай, бере гөр!») өлеңін Абай 1894 жылы 48 жасында жазған.

Қайда жазылды?

20 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1933 жылы Қызылорда қаласындағы «Қазақстан» баспасынан шыққан Абай шығармаларының толық жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Жанындай сүйген ұлы Әбдірахманның дертке ұшырап, науқастанып жатқаны туралы қайғылы хабарды естігендегі тұңғиық мұңға батқан күйініштегі шемен шеріне құралған өлең. Жүрегі суылдап, сүйегі шымырлаған ақын «Құпия сыбырлап. Зар етсе бендесі, Бермей ме алласы» деген жан сырын жайып салады. Қасіретке батқан шерлі жүрек бүкіл әлемнің жаратушысы және билеушісі Алладан ұлының жазылуын тілейді. Мейірімі кең жаратушының көз жасын қабыл қылып, тұяғының тәніне саулық беруін сұрайды. Жүзін көріп, бауыр етін құшағына алып қауышуын сағынышпен аңсайды. Қол шорқақ, тіл мылқау көңіл мұңын, көкірек шерін төгеді. Боздағын сау саламат кешікпен көрсем деген әке сүйспеншілігімен бөліседі.

Бір суып, бір ысыған көңіл толқынын жасырмай, ұлының жүзін бір көруді, бір құшып сүюді армандайды. Үміт пен күдікте дағдарған, есеңгіреген әке мұңы елжіреген жүрегіне салмақ салады. «Екі ай-ақ не қылып, Басқаша ауырып, Япырмай, докторлар Жүрмесін жаңылып» деп сенімі өшпейтінін айтыды, жамандыққа қимайтынын жеткізеді. Шырайын жылытып, жедел сауығып кетуі үшін ешнәрсені аямайтын, ешнірседен тартынбайтынын түйеді.

Сарғайып, сарылумен жырақтағы боздағының көңілін сұрап бара алмайтынын тұңғиық мұңымен айтып қамығады. Уайым жегідей жеген ардақты әкенің жолданған хатының ұлына медет, көңіліне тіреу боларына сенеді. Әбсәмәт жиеніне көңіл қошымен сенім артып, әкелік тілеуін ақ адал өтейтініне шүбә келтірмейді. Қимастық сарынымен көруге зар болып отырған ағайын-туыс, өскен ел-жер сәлемін жолдап, аурудан айығып, амандықпен келуін құдайдан тілеп жатқан жігерлі де сенімді сөздерін жеткізеді. Тезірек дерттен айығып, құлан таза жазылуымен өмірінің гүлденеріне мейірман әке жүрегі күмән келтірмейді. [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. – Алматы: Жазушы. – Т. 1: Өлеңдер мен аудармалар. 1995. – Б.210-211]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 17 шумақтан тұрады. Өлең 6 буынды аралас ұйқас үлгісімен жазылған.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр т. б. тілдерге аударылған.

Я, құдай, бере көр,

Тілеген тілекті.

Қорқытпай орнықтыр

Шошыған жүректі.

Шын жүрек елжіреп,

Алладан тілеймін.

Шын қалқам осы күн

Болып тұр керек-ті.

Жүрегім суылдап,

Сүйегім шымырлап,

Алладан тілеймін

Құпия сыбырлап.

Зар етсе бендесі,

Бермей ме алласы.

Тән саулық қалқама,

Қабыл боп көз жасы?

Не жазам, япырмау,

Қол шорқақ, тіл мақау.

Сәләмат өзіңді,

Кешікпей көрсем-ау.

Бір суып, бір ысып,

Барады іш пысып,

Жүзіңді бір көріп,

Сүйгенше бір құшып.

Бір үміт, бір хауіп,

Көңілге жол тауып,

Кірген соң, сөз қиын,

Әрнеге ой ауып.

Екі аяқ не қылып,

Басқаша ауырып,

Япырмай, докторлар

Жүрмесін жаңылып.

Жарылып ауыз ашты,

Жарасы жарасты.

Жарасыз біреуі

Неліктен ұйқы ашты.

Алмаса докторға,

Нанбаңыз соққырға.

Визитке төлемей,

Шырағым, бос қалма.

Ол жесін, ол жұтсын,

Шырайын жылытсын.

Ақшаны аяма,

Ұйқыны тыншытсын.

Әбсәмәт жиенің,

Ол – сенің, біреуің.

Достығын достықпен

Өтемек – тілеуім.

Көңілдің хоштығы –

Ол оның достығы.

Барар ем, қолымның

Болмады бостығы.

Сарғайды жүзіміз,

Сарылды көзіміз.

Қатайып сауықсаң

Сағынған өзіңіз.

Хатымды көріңіз,

Көңілді бөліңіз.

Қуатың ерік берсе,

Кешікпей келіңіз.

Туа өскен жеріңіз,

Туысқан еліңіз

Зар боп тұр көруге,

Ұнатса көңіліңіз.

Уайым жеуліміз,

«А, құдай» деуліміз

Жазылып келсеңіз,

Гүлденер өміріміз.