Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҰЯЛАМЫН ДЕГЕНІ КӨҢІЛ ҮШІН»

«ҰЯЛАМЫН ДЕГЕНІ КӨҢІЛ ҮШІН»

Абайдың өзі өмір сүрген дәуір болмысы, қазақ халқының сол кезеңдегі мінез-құлқы сипатталған өлеңі. 

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1901 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық керген «Қазақ ақыны Ибраһим Қунанбайұғылының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлеңнің кейбір басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер бар. Мыс. , 1909 жылғы жинақта 2-шумақтың 3-жолы «Ар мен ұят ойламай, тән асырап» делінсе, 1939, 1945, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Ар мен ұят ойланбай, тәнін асырап», болып алынған. Ал, 1939, 1945, 1947жылғы басылымдарда З-шумақтың 1-жолы «Туысқаның, дос-жарың бәрі екі үшті» деп басылса, 1909, 1957, 1977 жылғы басылымдарда «Туысқаның, достарың — бәрі екі үшті» болып берілген.

Өлең не жайында?

Абай мінезі арқылы қоғам, дәуір бейнесін беретін осындай өлеңдердің қатарына осы туындысы да жатады. Өлеңде армандап алысқа көз тастамай, жымысқылықпен бірін-бірі алдап, бір сәттік пендешілік құрбанына айналатын шәркең шерменделік сыналады. Не достыққа, не қастыққа жарамас ондай адамдар ар мен ұятты ұмытып, көрсе қызарлыққа берілетінін шенейді. Рухани қажеттілікті ойламаған жерде тән қажетін қанағат тұтар хайуанға бейім мінез бөлең алатынын ескертеді. Адамдардың «сүйсе» — өтірік сүйген сиетіні, сүймесе жұдырық жұмсайтын дөрекі мінезінен қоғам, заман қалпы құралатынын айтады. Ақын «Бұл не деген заманға ісім түсті?!» деп қынжылады. Ақын өлеңде болмашыға мәз, арзанға алданғыш, үлкен басын қор тұтқан қара халықты сынай келіп, «Әкесі ұрысса балаға, олда достық, баласы ұрысса әкеге жараса ма?» — деген риторикалық сауал тастайды. Ақынның будан халқының бала болмаса да, балаң мінезіне шарасыздығы сезіледі. Жеке адам кемшілігінен замана сырқаты құралатынын жан дауысымен айту бар. Осы тұрғыда алғанда, Абай өлеңде белгілі бір дәуірдегі қазақ ұлтының жиынтық портретін жасаған деуге болады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең негізінен 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 4 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, ұйғыр, қарақалпақ тілдеріне аударылған.

Ұяламын дегені көңіл үшін,
Ұсақ қулық бір ғана өмір үшін.
Татымды достық та жоқ, қастық та жоқ,
Жігері жоқ, маңызы жеңіл үшін.

Жалығу бар, шалқу бар, іш пысу бар,
Жаңа сүйгіш адамзат, көрсе қызар.
Ар мен ұят ойланбай, тән асырап,
Ертеңі жоқ, бүгінге болған құмар.

Туысқаның, достарың — бәрі екіұшты,
Сол себепті досыңнан дүшпан күшті.
Сүйсе жалған, сүймесе аянбаған,
Бұл не деген заманға ісім түсті?!

Өзің үлкен, қылығың — бала-шаға,
Балаша мәз боп жүрсің тамашаға.
Әкесі ұрысса балаға, ол да — достық,
Баласы ұрысса әкеге, жараса ма?