Абайдың табиғат мезгілін суреттеуге арналған терең мазмұнды, ерекше көркем шығармаларының бірі.
Қашан жазылды?
Бұл өлеңді Абай 1888 жылы жазған. Бұл өлеңнің жазылу тарихы туралы: «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды» деп қысты өлең қылғаны: 1884 жылы қыс қатты болып, ел жұтаған. Қар сәуірдің басында ғана кеткен. Соны өлең еткен», — дейді Тұрағұл.
Қайда жазылды?
24 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (13-бөлік. Қыс, 70-бет). Негізі Мүрсейіт қолжазбаларынан алынған. Өлеңнің әр жылдардағы басылымдарында айырмашылықтар да бар. Мысалы, 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1957 жылғы басылымдарда өлеңнің 11-жолы «Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда» делінсе, 1933, 1939, 1977 жылғы жинақтарда «Бурадай бұрқ-сарқ етіп долданғанда» деп берілген. 1909, 1933, 1939, 1957 жинақтарда 16-жол «Бет қарауға шыдамай теріс айналды» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1945, 1948 жылғы жинақтарда «Бет қарауға шыдамай сырт айналды» болып жазылған. 1909, 1939, 1945, 1948 жылғы жинақтарда 18-жол «Титығы құруына тез тақалды» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында, 1957, 1977 жылғы жинақтарда «Титығы құруына аз-ақ қалды» делінген. 1909 жылғы жинақ пен Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында 4-жол «Басқан жері сықырлап келіп қалды» деп жазылса, Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында «Басқан ізі сықырлап келіп қалды» болып өзгерген.
Өлең не жайында?
Ақын өлеңінде қыстың өзін зор тұлғалы, тірі жанды бейне етіп сипаттайды. Бұл – тапжылмай тұрған қимылсыз бейне емес, «басқан жері сықырлап», омыраулап келе жатқан, кесек әрекет жасайтын, «түсі суық» жанды тұлға.
Қысты «әуес көріп жүгірген жас балалар», «беті-қолы домбығып үсік шалған», «бет қарауға шыдамай теріс айналып», «шидем мен тон қабаттап киген малшы», «қар тепкенге қажымас қайран жылқы», «қыспен бірге тұмсығын салған қасқыр» еске алынады. Ақын қыс қаһарына шыдамдылық көрсетіп, ант ұрған кәрі шал – қысқа шығын бермеңдер, «соныға малды жайып күзетіңдер» деп, сөзін малшыларға арнаумен аяқтайды. Бүл – табиғат алдындағы адамның құдіретін, ісін танытарлық ойдың белгісі. Бұл өлең Абайдың басқа да табиғатты жырлаған өлеңдері сияқты, жанды пейзажға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік мағынаға толы, оның демократтық, халықтық пікірін аша түсетін шығарма болып табылады. Реалистік сурет пен өмір шындығының қабысуы Абай поэзиясының азаматтық пафосын толықтырады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады, көлемі 24 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, орыс, белорус, украин, татар, ұйғыр, қырғыз, қарақалпақ, өзбек, әзербайжан, армян, башқұрт, неміс тілдеріне аударылған.
Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап, келіп қалды.
Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,
Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды.
Ұшпадай1 бөркін киген оқшырайтып,
Аязбенен қызарып ажарланды.
Бұлттай қасы жауып екі көзін,
Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.
Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда,
Алты қанат ақ орда үй шайқалды.
Әуес көріп жүгірген жас балалар,
Беті-қолы домбығып, үсік шалды.
Шидем мен тон қабаттап киген малшы
Бет қарауға шыдамай теріс айналды.
Қар тепкенге қажымас қайран жылқы
Титығы құруына аз-ақ қалды.
Қыспен бірге тұмсығын салды қасқыр,
Малшыларым, қор қылма итке малды.
Соныға малды жайып, күзетіңдер,
Ұйқы өлтірмес, қайрат қыл, бұз қамалды!
Ит жегенше Қондыбай, Қанай2 жесін,
Құр жібер мына антұрған кәрі шалды.
1Ұшпа – бұлт, шоқ-шоқ болып жөңкіген бұлт.
2Қондыбай, Қанай – ру аттарымен аталатын, жерінің шөбін жылқыға жалдайтұғын ауылдар.