Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҚЫЗ СӨЗІ»

«ҚЫЗ СӨЗІ»

Абайдың өлеңмен өріп, қазақтың ақ жарқын, ақылды қызының бейнесін ашып көрсеткен туындысы.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғашрет 1909жылы Санкт-Петербургте жарық корген «Абай Құнанбайұғлының өлеңі» деген жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1907, 1910 жылғы қолжазбаларында, 1909 жылғы басылымда 4-шумақтың 3-жолы «Ит қор адам бола ма» делінсе, Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасында «Ит қор адам табылмас». Ал қалған басылымдарда 1933 жылғы жинақ негізінде бұл жол «Ит қор адам болар ма» болып берілген.

Өлең не жайында?

Махаббат жырларын мейлінше мол да, шабыттана жазған ақын бұл өлеңінде тағы бір соны қырын танытып, шығармасын өңге туындыларына ұқсатпай, басқаша етіп өрнектеген. Бұл бір-бірін ұнатқан жастардың әшейіндегі жайма-шуақ, құмарлығын білдірген сүйіспеншілік хаты емес. «Айттым сәлем, қалам қас…» туындысындағы сияқты именшек қыз үшінші біреу арқылы хат жолдап, жан сырын ашады. «Бізде ерік жоқ өзің біл, әлде неге бастайсыз» деп, бар үмітін, арман-тілегін, болашағының тізгінін жігітке ұсынатынын білдіре отырып, тастап кетпейсің бе, тілегімді бересің бе деген сияқты қаупін де жасырмайды. Өлеңнің әр тармағынан жолы жіңішке қыз байғұстың кіріп тарқалпы, әдет дәстүрі не айналған басы байлылық райы аңғарылады. Бірақ сонысына қарамай мүнда ақынның «Қор болды жаным…», «Сен мені не етесің?..» сияқты өлеңдеріндегі ғазелге тән мұң-шер атымен жоқ. Қайта «Сіз – жалын шоқ, біз – бір май», «Сіз – бір сұңқар шаһабаз», «Біз – қырғауыл, сіз — түйғын» деген секілді көңіл көтеретін ойнақы теңеулер жиі кездеседі. Бұлар ақын өмір сүрген заманның жастары. Олардың өмірге құштарлығы, бір-біріне деген ғашықтық сөзімдері салып-ақ тұр. Ынтықтық пен нәзіктік егіз ерілген. Сол пәк, таза сөзімді ақын сырлы да сұлу тілмен барынша айшықты жеткізеді. Және соның барлығы да халықтың күнделікті тіршілігінде пайдаланып жүрген үйреншікті табиғи ұғымдар.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған.Тілі өрнекті, ойнақы. Әрқайсысы 4 тармақтан тұратын 12 шумақ.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, үйғыр тілдеріне аударылған.

Қиыстырып мақтайсыз,

Ойласаң не таппайсыз?

Бізде ерік жоқ, өзің біл,

Әлде неге бастайсыз.

Біз де әркімді байқаймыз,

Тап бергеннен тайқаймыз.

Сіздей асыл кез болса,

Қайтіп басты шайқаймыз?

Ақылыңа сөзің сай,

Сіз – жалын шоқ, біз – бір май.

Ыстық сөзің кірді ішке,

Май тұра ма шыжымай.

Қабыл көрсең, көңілім жай,

Тастап кетсең, япырмай,

Ит қор адам болар ма,

Бұл жалғанда сорлыңдай?

Тілегімді бермесең,

Амалым не жерлесең?

Үйір қылма бойыңа,

Шыны жақсы көрмесең.

Қайғың болар шермен тең,

Қара көңілім жермен тең.

Сенсіз маған жат төсек

Болар бейне көрмен тең.

Сіз – бір сұңқар шаһбаз1,

Жер жүзінен алған баж2.

Біздей ғаріп есепсіз,

Есігінде жүр мұқтаж.

Көңілің тұрса бізді алып,

Шыныменен қозғалып,

Біз – қырғауыл, сіз – тұйғын,

Тояттай бер, кел де алып.

Тал жібектей оралып,

Гүл шыбықтай бұралып.

Салмағыңнан жаншылып,

Қалсын құмар бір қанып…

Мұны жаздым ойланып,

Ойда бардан толғанып.

Кірсе ішіңе оқи бер,

Бозбалалар, қолға алып.

Мұны оқыса кім танып,

Жүрегіне от жанып,

Сөзді ұғарлық жан тапса,

Айтса жарар ән салып.

Өлең жиған тырбанып,

Ән үйренген ырғалып.

Сорлы Көкбай қор болды-ау,

Осыншадан құр қалып.

1Шаһбаз (парсыша) – қаршыға, лашын, сұңқар және ержүрек батыр мағынасында да қолданылатын сөз.

2Баж (парсыша) – алым-салық. Бұл жерде тоят алу, тояттау деген ауыспалы мағынада қолданылған.