Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН – ОЛ ЕКІ ЖОЛ»

«ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН – ОЛ ЕКІ ЖОЛ»

Ақынның шабыттана көп жазған махаббат лирикасына жататын өлеңі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1889 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет1909жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды (4-бөлік. Ғашықтық туралы, 42-бет). Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939, 1945 жылғы басылымдарда 3-шумақтың 3-жолы «Тұла бойды тоңғызар үміт үзсе» делінсе, 1954, 1957, 1977 жылғы жинақтарда Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы басылымға сәйкес бұл жол «Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе» болып алынған. Өлеңдегі «Ғашық», «Ғашықтық» сөздері Мүрсейіт қолжазбаларында «асық» «асықтық» деп жазылған. 1939, 1945 жылғы басылымдарда туынды ақынның «Әуелде бір суық мұз-ақыл зерек» өлеңінің жалғасы ретінде берілген.

Өлең не жайында?

Абай бұл өлеңде екі жастың сүйіспеншілігі мәселесіне үңіліп, философиялық салмақты тұжырым жасайды. Ақынның ұғымынша, ғашықтық пен құмарлық – екеуі екі нәрсе, екі жол. Жақсы көргеннің бәрі ғашықтық емес. Құмарлық пен ғашықтықтың арасы жер мен көктей. Ақын құмарлықты – нәпсі құмарлық деп түсінеді: «Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол». Ал, ғашықтық – ерекше, жоғары сезім. Ғашықтық пен көрсе қызар құмарлықты ажырата білу керек. Абай ғашықтықты ауруға, ғашық адамды ауру адамға теңейді. «Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып» деп жырлайды. Ғашығыңнан үміт үзсең, «тұла бой тоңар, суыр», ал «Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып» дейді. Абайдың лирикалық кейіпкері ғашығына «Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым, мен не болсам болайын, сен аман бол» дейді. Бұл – шын ғашықтың ғана айтатын сөзі. Ғашығына «сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!», «Жасырынба, нұрыңа жан қуансын» деп тіл қатады. Өлеңнен Абайдың ғашықтықты аса жоғары бағалағанын аңғаруға болады.

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буыңды қара өлең ұйқасымен жазылған. 4 тармақты 3 шумақтан тұрады. Көлемі – 12 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, түрікмен, тәжік, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол,

Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.

Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,

Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болған соң,

Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.

Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,

Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,

Жүдетер безгек ауру сықылданып.

Тұла бой тоңар, суыр, үміт үзсе,

Дәмеленсе өртенер күйіп-жанып.