Абайдың ғылым-білім жолына тұсау болып келген надандыққа шамырқанып айтқан өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың кейін табылған өлеңі. Оны 1940 жылы ақынның шөбере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов Абай ауданында ел аузынан жазып алған. Ақынның бұл шығармасының жазылған жылы белгісіз. Өлеңнің мазмұнына қарағанда, ақын өмірінің соңғы жыларына жазылған тәрізді.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1945 жылғы жинағына енгізілді. Басылымдарында ешқандай текстологиялық өзгерістер байқалмайды.
Өлең не жайында?
Тобықты ішінде Жуантаяқ атасына жататын Балқожа Бақанұлы деген кісі ақын ауылының молдасы Ғабитхан ноғаймен Мұқтасардың бір сөзіне таласып, жүгінуге Абайдың алдына келгенде қолма-қол шығарған. Әзіл аралас әңгіме үстінде айтылған төрелік болғанымен, Абайға тән ойлылық пен салиқалы салмақ айқын аңғарылады. Түс-таңбасыз надандықтың қанша жасырсаң да көрініп, «мен мұндалап» тұратынын Баққожаның бетіне басады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен шығарылған, көлемі 4 тармақты бір шумақ.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең қарақалпақ, қырғыз тілдеріне аударылған.
Ғалымнан надан артпас ұққанменен,
Тағдыр көрмей қоймайды бұққанменен.
О-дағы қалыбынан аса алмайды,
Жауқазын ерте көктеп шыққанменен.