Абайдың жасынан оқу оқып, білім алған адам ғана ұлтының ұлы болатындығын айтып, жас ұрпақтың өмірлік мақсаты осы екенін ескертіп жазған өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасының жазылған жылы белгісіз. Өлеңнің мазмұнына қарағанда, ақын өмірінің соңғы жыларына жазылған тәрізді.
Қайда жазылды?
Өлеңді 1940 жылы Қ.Мұқаметханов Семейде тұратын Ташмұхамбет деген қариядан жазып алған. Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет ақынның 1945 жылы жарық көрген толық жинағында жарияланды. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Абай өлеңінде «Би болған, болыс болған өнер емес» деу арқылы мансап армандамай, мақсат қууды уағыздайды. Жасынан оқу оқып, білім алған адам ғана ұлтының ұлы болатындығын айтып, жас ұрпақтың өмірлік мақсаты осы екенін ескертеді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісінде жазылған, көлемі 4 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Туынды қарақалпақ, орыс тілдеріне аударылған.
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.