Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ»

«МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ»

Абайдың жалғыздық тақырыбына жазылған шерлі шығармаларының бірі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1891 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұлының өлеңі»атты жинақта жарияланды (7-бөлік. Замандас туралы, 58-бет). Басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1909 жылғы жинақта 6-шумақтың 2-жолы «Мұны да ойла толғанып» делінсе, кейінгі басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары бойынша «Оны да ойла толғанып» болыпберілген. Мүрсейіт қолжазбаларында 9-шумақтың 1-жолы «Сондай елден бойың тарт» деп алынса, жинақтарда 1909 жылғы басылым негізінде «Мұндай елден бойың тарт» делінген.

Өлең не жайында?

Өлеңнен ұлтының бойындағы мерeз мінезбен күресуден қажыған ақынның қамығып, қынжылып, шарасыздықтан шамырқануы, заманына өкініші көрінеді. Бұрын осы алуандас өлеңдерінде ақын надандықты жақсы ақылмен, сап таза өсиетпен, шынайы адал көңілмен түзеуге болады деген ниетте еді. Бұнда надандық әлсіз жау емес, ол өте күшті кесепат. Сондықтан оны жеңу жалғыздың қолынан келмейді, онымен арпалысып, күресу бос әурешілік-ау деген дағдарыс байқалады. Сөйтсе де, ақын қас наданды қамшылап, намысына тиетін сөздерді айтады. Бір сәт ылажының таусылғанына ызаланып, қазақты басқалардан ұялып, жұртым деуге арланатынын да жасырмайды.

Қай жанрда жазылды?

Өлеңшалыс ұйқас үлгісінде жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс, үйғыр тілдеріне аударылған.

Менсінбеуші ем наданды,

Ақылсыз деп қор тұтып.

Түзетпек едім заманды,

Өзімді тым-ақ зор тұтып.

Таппадым көмек өзіме,

Көп наданмен алысып.

Көнбеді ешкім сөзіме,

Әдетіне қарысып.

Жан шошырлық түрінде,

Бәрі бірдей еліріп.

Ұстай алмадым бірін де,

Кекиді кейін шегініп.

Әринемен ел кетті,

Қоқиланды, мақтанды.

Қуат бітті, күн өтті,

Жарылқа, құдай, жатқанды.

Мен – қажыған арықпын,

Қатын-бала қонағы.

Сендерге де қанықпын,

Жұртың анау баяғы.

Жарлы емеспін, зарлымын,

Оны да ойла толғанып.

Жұртым деуге арлымын,

Өзге жұрттан ұялып.

Барымта мен партия –

Бәрі мастық, жұрт құмар.

Сыпыра елірме, сұрқия,

Көп пияншік нені ұғар?

Татулықты, тыныштықты

Қоңыр көрер, кем көрер.

Ұрлық пенен қулықты

Қызық көрер, өңі енер.

Мұндай елден бойың тарт,

Мен қажыдым, сен қажы!

Айтып-айтып өтті қарт,

Көнбеді жұрт, не ылажы?