Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КӨЛЕҢКЕ БАСЫН ҰЗАРТЫП»

«КӨЛЕҢКЕ БАСЫН ҰЗАРТЫП»

Абайдың философиялық терең мазмұнды өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1900 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында бір ғана текстологиялық өзгеріс кездеседі. Мүрсейіт қолжазбаларында, 1909, 1939, 1954 жылғы басылымдарда 6-шумақтың 3-жолы «Жай жүргенді өрт қылып» деп алынса, 1945, 1957, 1977 жылғы жинақтарда бұл жол «Жай жүргенді уерд қылып» болып берілген. Сондай-ақ 1939, 1945 жылғы жинақтарда өлеңнің жазылған кезеңі 1895 ж. деп керсетілген.

Өлең не жайында?

Заңғар көкке жол салып, ұясына қонуға бет алған, көкжиекке иек артқан күннің, көлеңке басын ұзартатыны секілді, адам баласының да «тіршілік базарынан оралар шағында» «күңгірт көңіл» шырмауына оралып, «сұрғылт тартқан бейуақпен сырласатын» сәті болады. Ақынның «Алыстан сермеп…» , «Жартасқа бардым, Күнде айғай салдым, Оданда шықты жаңғырық» дегеніндей, көкірек көзі ояу, жан сырын ұғар адамның мүлде аз екеніне күңірене қамыққан, салып еттім деген жолының «қу соқпақ» болғанына налыған, тынысы тарылып, тұйыққа тірелген көңіл-күйі өлеңнің өн бойынан сыз тартып тұрғандай. Тыңдаушысын таппай, «Адасқан күшік секілді. Ұлып жұртқа қайтқан ой» кімді таппақ, кімді иландырмақ. Есік пен төрдей ғұмырдың «не тындырдың» деген сауалына «Ермен шықты, ит қылып, Бидай шашқан егінге», енді менің кінәм не деп ақталады ақын. Ақтала отырып, өз жоғын таба алмаған, өкінішпен өмір кешкен сыңай танытады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 7 буынды шалыс ұйқаспен жазылған, 4 тармақ, 6 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса;
Күнді уақыт қызартып,
Көк жиектен асырса;

Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа,
Төмен қарап мұңдасар,
Ой жіберіп әр жаққа.

Өткен өмір — қу соқпақ,
Қыдырады талайды.
Кім алдады, кім тоқпақ
Салды, соны санайды.

Нені тапсаң, оны тап, Жарамайды керекке.
Өңкей уды жиып ап,
Себеді сорлы жүрекке.

Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой
Өкінді, жолың бекінді,
Әуре болма, оны қой.

Ермен шықты, ит қылып,
Бидай шашқан егінге.
Жай жүргенді уерд қылып,
Тыныш өлсеңші тегінде.