Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КҮЛЕМБАЙҒА»

«КҮЛЕМБАЙҒА»

Абай өзінің әзіл-қалжыңы жарасқан құрдасы, бірнеше рет болыс болып сайланған замандасы Күлембай Бозамбайұлына ауызша арнап айтқан өлеңі.

Қашан жазылды?

Абай бұл өлеңін 1888 жылы ауызша шығарған. Өлең Тұрағұлдың ауызынан алынған. Өленің айтылу тарихы: «Күлембай деген кісі дәулетінің арқасында болыс болып, 1888 жылғы Шербушайнай сиездегі түрін көріп айтқаны», — деді Тұрағұл.

Қайда жазылды?

18 жолдан тұратын өлең Ақшатауда 1888 жылы Семей облысы мен Жетісу облысының шербушайнай сиезінде ауызша айтылған.

Қайда жарияланды?

Бұл өлең тұңғыш рет 1933 жылғы «Толық жинақта» басылған (103-бет).

Өлең не жайында?

Бұл өлеңінде ақын айтпақ ойын тікелей құрдасына – Күлембайға арнайды. Өлеңді ауызекі әңгіме түріндегі сәлемдесуден бастайды да, жылы мысқылмен осынау аумалы-төкпелі заманда ел басқарудың қиын екенін еске салып, «әй, қайдам, шығыныңды қайтара алсаң жарар еді» деген кекесін білдіреді. Сөз арасында «ата-бабаңда ел билеген адам жоқ еді, осың артықтау болды-ау» деген қазақы қалжың бар. Өлеңнің екінші шумағы бұдан гөрі өткірлеу, болыстың атшабар, ояз алдындағы қипақтаған, тайғанақ пошымынан хабар береді. Бірақ ақын соның бәрін сыйлас адамына көңіл жықпайтындай етіп, зілсіз жылы әзілмен жеткізген.

Қай жанрда жазылды?

Өлең дәстүрлі шұбыртпалы ұйқаспен жазылған. Буын саны құбылмалы, 6-дан 9-ға дейін өзгеріп отырады. Көлемі тармақ саны әр түрлі 2 шумақтан тұратын 18 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең әзербайжан, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Уағалайкүмүссәләм,

Болыс, мал-жан аман ба?

Мынадайға кез болдың

Аума-төкпе заманда.

Ел билеген адам жоқ

Ата менен бабаңда.

Болыстықтан пайда қып,

Шығыныңды алсаң жаман ба?

Қалжыңдаймын әншейін,

Оған келе де бермес шамаң да.

Орныңнан тұра шабасың,

Атшабар келсе қышқырып.

Ояз келсе қайтер ең,

Айдаһардай ысқырып?

Отырасың үйіңде,

Өз өзіңнен күш кіріп.

Босқа-ақ түсіп қаларсың,

Біреу кетсе үшкіріп!..