Абайдың тұрмыстық тақырыпта әлеуметтік-тәрбиелік мәселе қозғаған туындысы.
Қашан жазылды?
Қазақ ішіндегі барымта, ұрлық жағдайынан кейін елді жөнге шақырып, мінезін түзетуге үндеген «Күйісбайға» өлеңін Абай 1896 жылы 51 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Әлеуметтік мәселе көтеріп, тәрбиелік ой айтқан өлең алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Ақын өмір сүрген заманда ағайын арасындағы дау-дамай, ру ішіндегі тартыстың шығуына елдің тентектік жасаған бұзақылары себеп болып жатқаны белгілі. Сондай бір жөнсіз іс жасаған Көтібақ руының Серікбай есімді адамының жылқы ұрлауы Абайдың осы өлеңінің жазылуына түрткі болған.
Абай өзімен құрбылас, Тобықты Мамай руының сыйлы адамы Күйісбай Әбенұлына тентектің ісін тыйғызуын, ұрланған айғырды қайтаруын сұрайды. Серікбай болса, осы Күйісбайдың ағайыны екен. Алайда арада уақыт өткенімен, берілген уәде ұмытылып, ұрланған айғыр қайтармай қояды. Осы жағдайдан соң, Абай өзінің уытты тілімен кекесін айтып, бір шумақ өлеңді Күйісбайға жолдаған екен. Сөздің астарын түсінген Күйісбай осыдан кейін айғырды иесіне қайтарып беріпті.
Көлемі бір ғана шумақ өлеңнің мазмұнынан қазақ жұртының ескі тұрмысынан мәлімет алып, сөздің құдыретіне тоқтаған ағайынның пәтуалылығын, ел бірлігін ойлаған Абайдың ақылды тұлғасын көре аламыз. Өтірік, жалғандық, арам мал, сертті сақтау, тұрлаулы сөз, ар мен ұят, абырой мен бедел жайын қозғаған әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы дидактикалық өлеңде Абайдың салмақты ойы, кекесін тілі ұштасқан.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.17]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең әлеуметтік лирика жанрында жазылған. Абай қазақ тұрмысында орын алған келеңсіз жағдайдан ақындық шебер қуатымен қорытынды жасаған.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға,
Бермек болған айғырдың көзі қайда?
Көзді көрсең – бересің, тайсаң – танып,
Алдамшы атағанның несі пайда?