Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«КЕШЕГІ ӨТКЕН ЕР ӘБІШ»

«КЕШЕГІ ӨТКЕН ЕР ӘБІШ»

Абайдың сүйікті баласы Әбдірахманның өлімінен кейін өзін сабырға шақырып жазған туындысы.

Қашан жазылды?

Қайғыдан туған «Кешегі өткен ер Әбіш» өлеңін Абай  1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Ақынның қайғы-қасіретін шынайы суреттеген өлең алаш рет 1933 жылғы жинағында жарияланды.

Өлең не жайында?

Аталған шығарма «Арғы атасы қажы еді», «Кешегі Оспан ағасы» өлеңдерінің жалғасы іспеттес. Бір тақырыпта жазылған туындылардағы өлең өлшемі бір, ұйқас үлгісі ортақ. «Кешегі өткен ер Әбіш» өлеңінде Абай енді Әбдірахман баласының қадірін, кісілік келбетін, елге сыйлы қасиетін баяндаған. Жаратылысы елден бөлек Әбіш баласының жүрегін – жылы, бойын – құрыш, көңілін – ғылымға құштар, өнерін – жұрттан асқан деп суреттейді. Оны қолдан келген көмегін ешкімнен аямаған жомарт жан, кісіге міндет қылмаған аяулы еді деп жазады. Біреуден қарыз алса, онысын айтқызбай артық төлейтін, адал еңбекпен күн көрген. Ақ көңілді, мейірімінен нұр төгілген Әбіш таза жүрегін кірлетпей кетті дейді. Ажалдың тура келгеніне де жасқанбады деп қайғы жұтқан ақын тағдырдың ісіне амал бар ма? Құдайдың жазғанына көнуге тиіспін деп өзін тағы да сабырға шақырады.

Шығармада Абайдың асыл перзентінің көркем бейнесі, поэтикалық портреті шынайы сомдалған. Ғұмыры қысқа қиылса да, артында ғибратты із қалдырған Әбдірахманның адами болмысы асқан шеберлікпен суреттелген.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 229]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Оның мазмұнынан Абайға ерекше қадірлі болған ұлы Әбіштің көркем бейнесін көреміз. Осы жағын ескергенде, шығарманың идеясында философиялық қана емес, дидактикалық сипаттың да барын айта аламыз.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Кешегi өткен ер Әбiш

Елден бiр асқан ерек-тi.

Жүрегi – жылы, бойы – құрыш,

Туысы жаннан бөлек-тi.

Өнерi оның жұрт асқан,

Ғылымға көңiлi зерек-тi.

Аямаған ғарiптен

Қолдан келген көмектi.

Кiсiге сiдет жүктетпей,

Еңбекпен тапқан қоректi.

Бiреудiң қылған қарызын

Айтқызбай артық төлептi.

Боямасыз ақ көңiл,

Кiрлетпей кеттi жүректi.

Ойламаған өлiмнен

Жасқанамын демек-тi.

Тағдырға тәбдiл бола ма,

Сабырлық қылсақ керектi.