Абайдың Әбдірахман баласының өлімінен кейін өзін ақылмен сабырға шақырған туындысы.
Қашан жазылды?
Көңіл күй қасіретін тербеген «Кешегі Оспан ағасы» өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Өлең алаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Абайдың бұл өлеңі «Әбдрахман өлгенде («Арғы атасы қажы еді»)» туындысының жалғасындай. Екі шығарманың жазылуына баласы Әбіштің қайғылы қазасы себеп болған. Екі өлеңнің құрылымы бір, идеясы ортақ. Алғашқы өлеңде Абай әкесі Құнанбайдың еңбегін, елге қадірін баяндаса, «Кешегі Оспан ағасы» туындысында бауыры Оспанның асыл болмысын, ізгі қасиетін айтады. Абай жан бауырына «Жайнаған туың жығылмай», «Кешегі Оспан», «Кешегі Оспан ағасы» сынды өлеңдер арнаған. Оспан ақ көңіл, пейілі кең, ер мінезді, жомарт, батыр тұлғалы жан болған. Абай Оспан інісін ерекше жақсы көрген. Жасы ұлғайған кезде дүниелік бар шаруаны Оспанға сеніп тапсырып, өзі шығармашылыққа, кітап оқуға ден қойған. Оспанның қадірлі туыс болғандығы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында шынайы көрсетілген.
«Кешегі Оспан ағасы» өлеңінде Оспанның кісі малын жемеген әділдігі, ойының кеңдігі, қуатының артықтығы, қолының ашықтығы, мінезінің жомарттығы айтылған. Ол досқа адал, дұшпанға қатал мейірімді жан екендігі суреттелген. Сондай елге қымбат адамды да ажал құшты. Қадірлі бауырымнан да айырылдым ғой. Ендеше өлімге мен де сабыр қылайын деп өлеңнің соңында Абай өзіне тоқтау айтады.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 228]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. 18 тармақты жыр үлгісімен жазылған шығарма соңына дейін бір ұйқаспен берілген.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Кешегі Оспан ағасы
Кісінің малын жемепті.
Мал сұраған кісіге
Жоқ, қайтемін демепті.
Қуаты артық, ойы кең,
Жұрттың бәрін шенепті.
Досына дәл жаз, жауға аяз,
Алысқанды денепті.
Адалдық үшін алысып,
Жегішке ақы төлепті.
Бас шайқаймын дегеннің
Басына салды әлекті.
Қадыры қалың, малы көп,
Қылмаған кімге себепті?
Алақолсыз мырза еді,
Кем-кетікті елепті.
Оны да алды бұл өлім,
Сабырлық қылсақ керек-ті.