Абайдың өмірінің соңғы жылдарында жазған, өткен өмірін еске алып, қам көңілін білдірген өлеңі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасының жазылған жылы белгісіз. Өлеңнің мазмұнына қарағанда, ақын өмірінің соңғы жыларына жазылған тәрізді.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет «Әдебиет және искусство» журналының 9-санында баспа жүзінде жарық көрген. Сол нұсқа бойынша Абай шығармаларының 1940 жылы шыққан жинағына енгізілген. Басылымдарында текстологиялық өзгерістер кездеспейді.
Өлең не жайында?
Бұл өлеңді 1940 жылы белгілі абайтанушы ғалым Қ.Мұқаметханов пен Абайдың інісі Ысқақтың немересі Әрхам Абай ауданының азаматы Р.Мамырқазовтан жазып алып, Республика Ғылым академиясына тапсырған. Мұнда автор өткен өмірін еске алып, қам көңілмен жабығып отырған бір сәтте қасындағы сүйікті жарына сөз арнап, жанына жәрдем, көңліне медеу күткендей болады; жылы жүзіңмен іштегі дертіме дауа бол, өзіңнің риясыз жақсы қылығыңмен қайғының өртін сөндір, қажыған көңілді қамқор жанашырлықпен қайтадан түлет дегендей тілек білдіреді.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 7 буынды шалыс ұйқас үлгісімен жазылған. Әрқайсысы 4 тармақты 6 шумақтан тұрады, 24 жол.
Қай тілдерге аударылды?
Туыңды ағылшын, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Домбыраға қол соқпа,
Шымырлатып бір-бірлеп.
Жүрегім, соқпа, кел тоқта,
Жас келер көзге жүр-жүрлеп.
Қайғылы көңілім қайдағы
Бұрынғымды жаңғыртар.
Қайратты алып бойдағы,
Басымды қайғы қаңғыртар.
Онан да жылы жүзіңмен
Кел, жарым, қара бетіме.
Жылы, тәтті жауап айт
Іштегі қайғы дертіме.
Іштегі ескі жалынды
Сөндір жаңа қылықпен.
Сөйлесші жақсы, жағымды
Мендей көңілі сынықпен.
Сынық көңілім көп кешер,
Майда қолмен ұстасаң.
Көңілге түрлі ой түсер,
Әр тереңге нұсқасаң.
Күйлі, күйсіз бәйгеге
Қажыды көңілім көп шауып.
Көп қинамай әрнеге,
Енді семірт, жем тауып.