Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«БАЛАЛЫҚ ӨЛДІ, БІЛДІҢ БЕ?»

«БАЛАЛЫҚ ӨЛДІ, БІЛДІҢ БЕ?»

Ақынның адам өмірінің кезеңдерін суреттейтін философиялық мазмұндағы көлемі шағын туындысы.

Қашан жазылды?

Адам өмірінің кезеңдерін сипаттап, оқырмен тілдескен философиялық мазмұнды «Балалық өлді, білдің бе?» өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта  жарияланды.

Өлең не жайында?

Абай шығармашылығында адам өмірінің кезеңдері, оның жас күнінен бастап қартайғанға дейінгі жыл мезгілі көп суреттелген. Данышпан ойшыл философиялық бұл тақырыпқа өлеңдерінде де, қара сөздерінде де тоқталған. «Балалық өлді, білдің бе?» атты он тармақтан ғана тұратын көлемі шағын туындысында ақын жеке адам өмірінің балалық, жігіттік, кәрілік сынды биологиялық кезеңдерін айтып, өмірдің ақыры өліммен аяқталатынын түйген. Және бір ғажабы, адам өмірінің аталған үш кезеңі өлеңнің алғашқы төрт тармағында жазылған. Алғашқы төрт тармақта суреткер небәрі он төрт-ақ сөз пайдаланған. Оның өзінде «бе» сұраулық шылаудың төрт рет қайталанғанын ескерсек, бар-жоғы он-ақ сөз деуге болады. Ал сол он сөзбен ғана ақын адамның тұтас өмірін баяндап берген.

Аз сөзге көп мағына сыйғызған данышпан ақын оқырманға сұрақ қою арқылы балалықтан басталатын өмірдің жігіттікке жалғасатынын, одан кейін кәрілік күтетінін түйген. Адамның тоқтаусыз өмірін баяндағанда, балалықтың өлетінін, жігіттіктің келетінін айтқан. Кәрілік жайында сөз қозғағанда, оқырманнан оған «көндің бе?» деп сұраған. Бұл сұрақ астарында автордың кәрілік жайында ойын аңғара аламыз. Кәрілік – адам өмірінің балалық, жігіттік секілді қадірлі кезеңі еместігін айтқысы келген. Өлеңнің көлемі шағын болуынан адамның өмірі де соншалықты қысқа екендігін жеткізгісі келгендей ой қалдырады.

 [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.224]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Терең философиялық мазмұны бар шағын өлең лирика жанрында жазылған. Ақын ойын бірінші жақтан жеткізген. Өлеңде лирикалық кейіпкер оқырманмен тілдеседі. Ол ойын сұрақ қою арқылы оқырманға қаратып айтқан.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Балалық өлді, білдің бе?

Жігіттікке келдің бе?

Жігіттік өтті, көрдің бе?

Кәрілікке көндің бе?

Кім біледі, сен кәпір,

Баяндыдан сөндің бе?

Баянсызға төндің бе?

Әлде, айналып, кім білер,

Боталы түйе секілді,

Қорадан шықпай өлдің бе?