Абайдың ел билеген би-болыстар мен дәулетіне тасып, ар-ұятты аяққа басқан байлардың жүгенсіздіктері мен арамза айла-әрекеттерін әшкерелейтін өлеңі.
Қашан жазылды?
Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет Санкт-Петербургте 1909 жылы жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасында, 1909 жылғы жинақта 2-шумақтың 3-жолы «Бас пен аяқ бір есеп» делінсе, кейінгі басылымдарға Мүрсейіттің 1905, 1907 жылғы қолжазбалары негізінде «Бас пен аяқ бір қысап» болып берілген. Осы шумақтың 6-жолы 1909, 1945, 1954 жылғы басылымдарында «Үйден ұрған итке ұсап» болса, 1957, 1977 жылғы басылымдарында Мүрсейттің 1905 жылғы қолжазбасына сүйеніп «Үйден үрген итке ұсап» түрінде алынған. 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 5-шумақтың 4-жолы «Еміренбес» ретінде басылса, бұл жол 1957, 1977 жылғы жинақтарға Мүрсейіт қолжазбалары, 1909 жылғы жинақ бойынша «Еміреніспес» болып түзетілген. Сондай-ақ, осы шумақтың 6-жолы 1939 жылғы жинақта «Ұқсамас іс сыртына», 1945 жылғы жинақта «Ұқсамас іш сыртына», 1954 жылғы жинақта «Ұқсамас іші сыртына» делінсе, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіт қолжазбалары мен 1909 жылғы жинаққа сәйкестендіріліп «Ұқсамас еш сыртына» деп қабылданған.
Өлең не жайында?
Бұл туындының көтерген тақырыбы, тілге тиек ететін әлеуметтік жүгі, сын объектісі жөнінен ақынның сәл бұрынырақ жазған «Бөтен елде бар болса…», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым…», «Болыс болдым мінекей…» кейінірек шығарған «Болды да партия…», «Бойы бұлғаң…», т. б. өлеңдерімен үндеседі. 80 жылдардың аяғында азаматтық, ақындық тұлғасы толысып, ел ағасы атанған Абай енді жастарға ақыл, парасат жағын басыңқырай айтып, адамгершілікке, өнер-білімге үндейтін бағытқа көшкен.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 4-5-7 буынды, секіртпелі ұйқаспен, қазақ поэзиясында бұрын кездесе қоймайтын жаңа түрдегі -а, -а, -б, -в, -в, -б үлгісімен жазылған. Кей жолдар 1, -2 сөзден; 3, -4-жолдары 3, -4 сөзді тіркестен құрылған. Әрқайсысы 6 тармақты 9 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең башқұрт, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, татар, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Бай сейілді,
Бір пейілді
Елде жақсы қалмады.
Елдегі еркек,
Босқа селтек
Қағып, елін қармады.
Жөнді, жөнсіз,
Сөз теңеусіз,
Бас пен аяқ бір қысап.
Ұрысса орыс,
Елге болыс,
Үйден үрген итке ұсап.
Өзі ұлыққа
Қәдірі жоққа
Қарамай, өз халқына
Сөз қайырмай,
Жөнді айырмай,
Жұртқа шабар талпына.
Танымадық,
Жарымадық
Жақсыға бір іргелі.
Қолына алып,
Пәле салып,
Аңдығаны өз елі.
Шашты барын,
Берді малын
Боларында жұртына.
Еміреніспес,
Енді піспес,
Ұқсамас еш сыртына.
Ел де жаман,
Ер де жаман —
Аңдығаны өз елі.
Елде — сыяз,
Ойда — ояз,
Оңбай-ақ тұр әр түрі.
Кетті бірлік,
Сөнді ерлік,
Енді кімге беттемек?
Елің – ала,
Отты шала,
Тайса аяғың, кім көмбек?
Өтті өмірім,
Қайтты көңілім
Бұл дүниенің ісіне.
Жасы құрбы,
Жаны тұрғы,
Дос па деген кісіге.
Ел керексіп,
Сөзге емексіп,
Не болады мақтаның?
Пейілі шикі,
Ақылы күйкі,
Осы жұрт па тапқаның?