Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«АДАМ – БІР БОҚ КӨТЕРГЕН БОҚТЫҢ ҚАБЫ»

«АДАМ – БІР БОҚ КӨТЕРГЕН БОҚТЫҢ ҚАБЫ»

Абайдың тіршілік мәні туралы ой қозғаған философиялық шығармасы әбден кемеліне келіп, жан-жағына жіті көзбен қараған, өмірдің мағынасы неде екенін түсінген өлеңі.

Қашан жазылды?

Ақынның бұл шығармасы 1899 жылы жазылған.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Өлең басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер ұшырасады. Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасында, 1909, 1939, 1945 жылғы басылымдарда 2 — шумақтың 3 — жолы «Адамды сүй, алланың хикметін сүй» болып берілсе, 1957, 1977 жылғы жинақтарда Мүрсейіттің 1905 жылғы қолжазбасы мен 1933 жылғы басылым негізінде бұл жол «Адамды сүй, алланың хикметін сез» делініп жөнделген.

Өлең не жайында?

Шынында да, адам осы дүниеде ойлы-сезімді болғанда, санасы арқылы барлық жан-жануардан ажырағанда не бітіріп жүр? Көбісі ішеді, жейді, киінеді және соған мәз. Ендеше, оның жанды азық-түлік қоймасынан несі артық? Сөйте жүріп: «Менімен сен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі — ол баяғы». Сондықтан да ақынның айтары: өмір – өткінші, адам бірқалыпты тура алмайды, бәріміздің барар жеріміз — о дүние. Демек, «Адамды сүй, алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа?!»

Қай жанрда жазылды?

Туынды 11 буынды қара өлең ұйқасымен кестеленген. Әрқайсысы 4 тармақты 2 шумақтан тұрады, көлемі 8 жол.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең қарақалпақ, қырғыз, өзбек, орыс, татар, тәжік, түрікмен тілдеріне аударылған.

Адам – бір боқ көтерген боқтың қабы,
Боқтан сасық боласың өлсең тағы.
Мені мен сен тең бе деп мақтанасың,
Білімсіздік белгісі ол баяғы.

Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!