Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

АБАЙДЫҢ ЖИДЕБАЙДАҒЫ МУЗЕЙ-ҮЙІ

АБАЙДЫҢ ЖИДЕБАЙДАҒЫ МУЗЕЙ-ҮЙІ

Абайдың Жидебайдағы музей-үйі – республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіш. Семей қаласынан 180 шақырымдай жердегі Абай ауданында орналасқан.

Ұлылар қонысы болған музей-үйдің кешені үлкен аумақты алып жатыр. Бұл жерге келушілер ақынның заманынан жеткен құнды жәдігерлер мен тарихи деректермен толық таныса алады.

Жидебай – Құнанбай әулетінің мекендеген қыстауы. Бұл мекенді Құнанбай әулеті қоныстанғанға дейiн Жидебай деген кiсi мекендегендіктен сол кісінің есiммен аталады.

1840 жылдар әйгілі Құнанбай қажы кірпіштен там қора салдырып, осы араны қыстаған. Құнанбайдың Ұлжаннан туған кенже ұлы Оспан үйленген соң осы қыстауды Оспанға беріп, өзі Ақшоқыны мекен етеді.

Ал 1891 жылы інісі Оспан қайтыс болған соң, бұл қыстау Абайдың еншісіне өтеді.

Өлкетанушылардың айтуынша, Абай Жидебайдағы қыстау үйді қайта салып, күрделі жөндеуден өткізген.

Музейдің сәулетті ішкі-сыртқы пішіні Абай заманындағы көрініс-келбетін сақтаған. Бұл жердегі мүлік-жиһаздардың көбін ақынның туыстары мен достары, замандас-жанашырлары әкеліп тапсырған.

Орта да дәл қыстаудың өзі.

Алаңның сыртында Абайдың қоладан жасалған ескерткіші орналасқан.

Ақын өмірінің соңғы он жылы осы Жидебайда өткен. Абай шығармашылығының Жидебай кезеңi аса өнiмдi жылдары болып саналады. Бұл он жыл iшiнде 70-тен аса өлеңi, Лермонтов, Крыловтан 25-26 аударма, 27 қара сөзi және екi әнi дүниеге келген.

Абайдың Жидебайдағы музей-үйі 5 бөлме мен 2 дәлізден тұрады.

Музей үйдің кіреберіс дәлізінен өткенде қабырға да Абай өмір сүрген дәуір мен баба ата-тегінің шежіресі орналасқан.

Ас бөлмесі

Бірінші дәлізден көреремендер ас үйге енеді. Бұл терезесі шығысқа шығатын үлкен бөлме. Кірген бетте сол жақта жоғарғы жағын күмбез тәріздес жасаған қазанаспа. Онда екі қазан орнатылған. Үлкенінде ет, кішісінде жеңіл тағамдар әзірленген.  Қазанаспаның күмбез тәріздес жоғарғы жағы – булық бөлмені будан сақтандыру үшін жасалған.

Қонақ бөлме

Екінші дәлізден көреремендер қонақ бөлмесіне өтеді. Бұл бөлме аса үлкен болмаса да, ыңғайлы, жайлы.  Қабырғада түкті кілем. Жәдігерлер арасында қазақтың халық аспабы  қобызды көруге болады. Еденге сырмақтар жайылған.

Жұмыс бөлмесі

Келесі Абайдың жеке бөлмесі және оның жазу үстелі. Осы үстелдің басында отырып ақын қаншама шығармаларды өмірге келген.

Бөлмеде сол шығармашылық қалып сақталып қалған.

Қазақтың дәстүрлі жиһаздарымен қатар европалық жиһаздар да бар: кітап шкафы, жазу үстелі, айна, қабырға сағаты, шкаф сөрелерінде – ақынның сүйіп оқыған ктіаптары.

Шығыс ақындарының шығармаларымен қатар орыс классиктерінің кітаптары, энциклопедиялық басылымдар да бар.

Үстел үстінде ақынның қалта сағаты, насыбай шақша, сия сауыт, қалам. Біраз сөз «Қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» еңбегінің қолжазбасындағы сия әлі кеппегендей.

Алдыңғы бөлме

Одан әрірек алдыңғы бөлменің сол жақ қабырғасында Құнанбайдың қажылық сапарға барғанда әкелген тақиясы – тарихи бұйым.

Оны мұражайға тапсырған Абайдың шөбересі – Бағфұр Ақылбаев. Бөлме қабырғаларына бірнеше фотосурет ілінген: Абай ұлдары Тұрағұл және Ақылбаймен; Абайдың ортаншы ұлы – Абдрахман, Абайдың інісі Оспан. Қазақтың ағаш төсегі жасаулы жиналып тұр. Ортада дастархан жабылған аласа дөңгелек үстел. Үстелде – күмістелген қымыз ыдыстары.

Еркежанның бөлмесі

Дәліз бойымен ілгері жүргенде түкпірдегі бөлменің оң жағында тұрған сүйек төсек – Еркежандікі.

Оның үстінде тұтылған шымылдық пен төсекжапқыш Еркежанның келіні Камалиядан алынған. Еркежан мен Камалияның білезіктері де осында. Солардың қатарында Абай үйіне келін боп түскендегі Камалияның киімдері, құндыз бөркі мен камзолы сақтаулы.

Абай Камалияның қолында дүниеден қайтқан. Камалия Абайдың туғанына жүз жыл толған мерекесіне қатысып, мұражай-үйдегі заттардың көбін өз қолымен табыс етіп, кейбір дүдәмал жайттарды анықтап беруге жәрдемдескен. Бөлмедегі өзге заттардың барлығы  Абайдың соңғы кездегі өмірінің куәсі.

Шошала

Кіреберістегі дәліздің сол қапталында тағы бір шағын бөлме бар. Оны «шошала» немесе «тошала» деп атайды. Мұражай-үйдің шошала температурасы жазы, қысы бірқалыпты. Оның қабырғалары таспен қаланған.

Бөлменің ортасына қазан қойылған. Төбесі ашық. Түтін не жағымсыз иістен тазаланып тұру үшін шаңырақ тәріздес етіп жасаған. Қажет кезде жауып қоюға да болады. Айыр бұтақтары бар адалбақандарға бұрын ет ілінген. Шошаладағы тай қазан мен ағаш соқа, аң ұстайтын қақпан түрлері т.б. ақын заманының куәлары.

Музей-үйден басталатын жол көрермендердi ары қарай Абай-Шәкәрiм мавзолей кешенiне жетелейдi.