Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС»

«ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС»

Абайдың имандылық, дүниенің қызығы, фәнидің жалғандығы мен бақидің мәңгілігі, махшардың күтетіні жайындағы терең ойлы туындысы.

Қашан жазылды?

Философиялық мазмұндағы «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес…» өлеңін Абай  1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Өлеңді Абайдың әдеби хатшысы Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) хатқа түсірген. Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтегі Илияс Бораганскийдің баспаханасынан шыққан «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғылының өлеңі» атты жинақта  жарияланды.

Өлең не жайында?

Өлеңнің басты идеясы алғашқы шумағында, оның ішінде бірінші тармағында түйінделген деп тұжырымдауға болады. Ақын ұғымында, табиғат өлгенімен, адам өлмейді. Адам жүрегінің соғуы тоқтағаннан кейін, оны көпшілік өлді деп санайды. Өңкей білмес өлу дегенді солай ғана қабылдайды. Ойнап-күлмеуді, қимыл білдірмеуді, яғни физиологиялық тұрғыдан өлуді адам денесінің ғана өлгені екенін түсінбейді деп санайды ақын. Ал адам жаны денесі секілді емес, ол физиологиялық өлімнен тыс жасай береді деп ой қорытады.

Сонымен бірге, ақын өлген адамның барлығының аты ел есінде қалмайды, яғни мәңгілік сақталмайды деп айтады. Абайдың пікірінше, адам өлмейтін артында сөз қалдырса ғана өлмеген саналады. Ол үшін тіршіліктің соңына ермей, фәни жалған өмірдің мінін түсініп, махшар күнді ешқашан ұмытпау керектігін ескертеді.

Дүниенің соңына ерген адам ақырет күнді ұмытады. Адамның жүрегінде екі сезім бірдей орныға алмайды деп, адам баласының күнәсі тексерілетін күнді естен шығарғанды иманы түгел адам деп есептемеймін дейді. 

Бұл өлеңнің жазылуына Абайдың сүйікті баласы Әбдірахман мен бауыры Оспанның қазалары себеп болған. Ақын туындысын дүниенің қызығы мен ләззатын емес, мәңгілік бақи өмірдің тылсымын ойлаған кезде жазған. Өлеңнің екінші шумағында «Көп адам дүниеге бой алдырған» дегенде, көпшіліктің қызығатыны материалдық қу тірлік екенін, соның артына түсіп, жолында «аяғын көп шалдырғанын», яғни иманын ұмыт қалдырғанын ескерткен.

 [Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.226]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Дін тақырыбына арналған өлең философиялық-моральдық лирика жанрында жазылған. Төрт шумақтан ғана тұратын шағын туындыда терең мағына қорытындыланған. Біріншіден, адамның жаны мәңгілік. Екіншіден, артында өлмейтін із қалдырған адам өлген саналмайды. Үшіншіден, махшар күнді ойлаған жан – иманы кәміл адам. 

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айрылғанын

«Өлді» деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Кім жүрер тіршілікке көңіл бермей,

Бақи қоймас фәнидің мінін көрмей.

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас.