Абайдың өлім тақырыбындағы өзінің шындығымен, ерекше жол жағдайымен байланысты өзгеше бір ойлы мұңнан туған саналы сырдың жыр үлгісі.
Қашан жазылды?
Ақынның бұл шығармасы 1898 жылы жазылған.
Қайда жазылды?
Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.
Қайда жарияланды?
Алғаш рет 1909 жылыСанкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланды. Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі. 1939, 1945жылғы жинақтарда 3-шумақтың 3-жолы «Екі күймек бір жанға ғаделет пе?» делінсе, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол «Екі күймек бір жанға әділет пе?» деп алынған.
Өлең не жайында?
Жалпы алғанда, бұл жырдың тақырыбы – ойшыл адамның, әсіресе сыршыл ақындардың анық тоқтайтын тақырыбы. Өмірдің өріне жетіп, оның ішінде талай қиыр кезең жолдарын басып өтіп, енді тірлік сапарын таусарманға келгенде айтатын шерлі сыр болады. Бұл өлеңде көп жайдың түйіні бар. Кеше ғана көрген соққының салдары ғана емес, өмірінің ұзын бойын шолып келіп, дәл осы жылда өлімді айтып отырған Абай аса қымбат қасиет табады. Ол келешекпен тілдеседі. Өз халқының кейінгі ұзақ тарихына өлместік із қалдырып отырғанына сенім артады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең 11 буынды қара өлең үлгісімен жазылған, ал композициялық құрылымы жағынан бір-бірімен үндес екі бөліктен тұрады, жалпы 4 тармақ 3 шумақтан тұрады.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең ағылшын, араб, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, ұйғыр тілдеріне аударылған.
Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?
Махаббат, ғадауат¹ пен майдандасқан,
Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?
Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?
Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?
Асау жүрек аяғын шалыс басқан
Жерін тауып артқыға сөз болмай ма?
Сонда жауап бере алман мен бишара,
Сіздерге еркін тиер, байқап қара.
Екі күймек бір жанға әділет пе?
Қаны қара бір жанмын, жаны жара.
Жүрегіңнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!
Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,
Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.
Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,
Етекбасты көп көрдім елден бірақ.
Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,
Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме.
Өзі ермей, ерік бермей, жұрт қор етті,
Сен есірке, тыныш ұйықтат, бақ сөзіме!
Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,
Мен келмеске кетермін түк өндірмей.
Өлең шіркін – өсекші, жүртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей.
¹Ғадауат (арабша) – дұшпандық, ашу, жек көру