Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ»

«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ»

Қазақ оқушыларына ертеден әйгілі, көркем әдебиетте Абай тудырған, биік тұрғыдағы өлең.

Қашан жазылды?

Өлеңге көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялай білген, сөздің асылы –поэзия екенін бағамдай білген Абай бұл өлеңін 1887 жылы жазған.

Қайда жазылды?

15 жолдан тұратын өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған. Туынды бірқатар текстологиялық өзгерістерге ұшыраған. Барлық жинақтарда 1909 жылғы басылым негізіңде 3-шумақтың 2, 3-жолдары «Қосарлы бәйітсымал келді арасы», «Қисынмен қызықты болмаса сөз», 4-шумақтың 3, 4- жолдары «Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, Әрбірі келгенше өз шамасы», 7-шумақтың 2-жолы «Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап», 13- шумақтың 3-жолы «Мақтан қуған мал құмар нені ұға алсын» делінген. Ал Мүрсейіт қолжазбаларында бұл жолдар «Қосарлық бәйітсымал келді арасы, Қисынды қызығымен болмаса сөз», «Бір сөзін бір сөзіне қиыстырған, Әркімнің келгенінше өз шамасы», «Мақтап өлең айтыпты әркімге арнап», «Жел буаз, жел өкпелер нені ұға алсын» болып алынған. 1938, 1945, 1954, 1957, 1977 жылғы басылымдарда Мүрсейіттің 1910 жылғы қолжазбасы мен 1909 жылғы жинақ бойынша 6-шумақтың 3-жолы «Ақындары ақылсыз, надан келіп» ретінде берілсе, Мүрсейіттің 1907жылғы қолжазбасы мен 1933 жылғы басылымда «Ақындары ақылсыз, надан болып» түрінде жазылған. 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда, Мүрсейіт қолжазбаларында 8-шумақтың 4-жолы «Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап» болса, 1957, 1977 жылғы басылымдарда 1909 жылғы жинаққа сәйкес «Өз елін бай деп мақтап құдай қарғап», 9-шумақтың 4-жолы 1939, 1945, 1954 жылғы басылымдарда, Мүрсейіт қолжазбаларында «Былжырақ керінеді бәрі даңдақ», 1909 жылғы жинақта «Былжырақ көрінеді солар даңдақ», ал 1957, 1977 жылғы басылымдарда бұл жол 1933 жылғы жинаққа орай «Былжырақ көрінеді соларды аңдап» болып өзгерілген. 10-шумақтың 1, 2-жолдары барлық басылымдарда «Ескі бише отырмын бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрмын зарлап» болса, Мүрсейіт қолжазбаларында «Ескі бише отырмын бос мақалдап, Ескі ақынша мал үшін тұрмын зарлап» түрінде келеді. 1939, 1945, 1954 жылғы жинақтарда 11-шумақтың 3-жолы «Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін» болып алынса, 1957, 1977 басылымдарда бұл жол Мүрсейіт қолжазбаларымен 1909 жылғы жинақ бойынша «Әншейін күн еткізбек әңгімеге» деп алынған. 12- шумақтың 2-жолы 1957 жылғы басылымда «Кісімсіген жеп кетер білімсіз көп» делінсе, қалған жинақтарда, Мүрсейіт қолжазбаларында «Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп» түрінде берілген.

Өлең не жайында?

Бұл өлеңде Абай ақындық өнері, ақын шығармалары әлеуметтік тартыстың үлкен құралы, зор мәнді әрекеті екенін анық түсінгенін көрсетеді. Шығарманың үлкен идеясы анық халықшыл демократ қайраткерлердің салт- санасын танытады. Ең алғашқы сөздерде өлеңге көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялайды. Адам баласы айтып келген сөздің асылы – поэзия екенін биік бағалаумен бірге, оны төмендететін олқылықтарды да алдымен айтады. Ал шын жақсы өлеңді ердің ері, данасы туғызатыны сөз болады. Шын жақсы өлең өзі де даналықтың айғағы дейді. Бірақ өзіне шейін қазақ көпшілігіне жайылып жүрген өлең бұны қанағат еткізе алмайды. Айтушы да, тыңдаушы да надан болғандықтан, поэзияның зор қасиеті тумай да, танылмай да жүр дейді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең 11 буынды қара өлең ұйқасымен жазылған. Көлемі әрқайсысы 5 тармақты 15 жолдан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды ағылшын, араб, башқұрт, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, тәжік, түрікмен, ұйғыр тілдеріне аударылған.

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол – ақынның білімсіз бишарасы.

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы.

Әуелі аят1, хәдис2 – сөздің басы,

Қосарлы бәйітмысал3 келді арасы.

Қисынымен қызықты болмаса сөз,

Неге айтсын пайғамбар мен оны алласы.

Мешіттің құтпа4 оқыған ғұламасы,

Мүнәжәт5 уәлилердің6 зар наласы.

Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар,

Әрбірі келгенінше өз шамасы.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы?

Бұрынғы ескі биді тұрсам барлап,

Мақалдап айтады екен, сөз қосарлап.

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап,

Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап.

Жат елде қайыршылық қылып жүріп,

Өз елін бай деп мақтар құдай қарғап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.

Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ көрінеді солар даңдақ.

Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап.

Батырды айтсам ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,

Әншейін күн өткізбек әңгімеге

Тыңдар едің әр сөзін мыңға балап.

Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап,

Көнгенім-ақ соған деп жүр табандап.

Кісімсінген жеп кетер білімсіз көп,

Жіберсем, өкпелеме, көп жамандап.

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін қамдап.

Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,

Шықпаса мыңнан біреу талғап-талғап.

Мал жиып арамдықпен ұрлап-қарлап,

Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.

Қақса-соқса бір пайда түсе ме деп,

Елдің байын еліртіп «жау мұндалап».

Ынсап-ұят, ар, намыс, сабыр, талап –

Бұларды керек қылмас ешкім қалап.

Терең ой, терең ғылым іздемейді,

Өтірік пен өсекті жүндей сабап.

1Аят (арабша) – құран сөзі.

2Хәдис (арабша) – Мұхаммед пайғамбардың сөзі.

3Бәйіт (арабша) – өлең. «Бәйіт-мысал» – мысал өлең, үлгі-өнеге өлең.

4Құтпа, хотбә (арабша) – уағыз оқу, сөйлеу мағынасында.

5Мүнәжат, монежат (арабша) – Аллаға жалбарыну, мақтау сөз айту.

6Уәли (арабша) – әулие, пайғамбар.