Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ»

«ӨЗГЕГЕ, КӨҢІЛІМ, ТОЯРСЫҢ»

Ақынның өлең сөздің,поэзияныңзор қоғамдық мәнін ашып көрсететін шығармаларының бірі.

Қашан жазылды?

Абайдың 1890 жылы жазған өлеңі.

Қайда жазылды?

Өлең Құнанбай қажы әулетінің ата қонысы, ұлы ақын өмірінің сәулелі сәттерінің мекені – Ақшоқы қыстауында жазылған.

Қайда жарияланды?

Алғаш рет 1909 жылы Санкт-Петербургтежарық көрген «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбайұғлының өлеңі» атты жинақта жарияланған (3-бөлік. Өзі туралы. 36-бет). Туынды басылымдарында аздаған текстологиялық өзгерістер кездеседі.

Өлең не жайында?

Ақындық өнердің, өлең жырлардың, ән менкүйдіңхалық өмірінде алатын орнын Абай өте жоғары бағалады. Поэзиялық шығармадан, өлең-жырдан, әннен халықтың арман-тілек, қуаныш-қайғысы айқын көрініс беретініне айрықша мән береді. Сондықтан ақындарға, өлеңді, әнді айтушыларға биік талап қояды. Өлеңнен Абайдың поэзиялық шығарма нағыз әмірлік қажеттіктен туатын, үлкен мақсатқа жұмсалатын сөз деп қарайтыны анық байқалады. Ол өлеңді өлең ететін айтпауға болмайтын, қанша айтса да тоймайтын қасиеті, адамды қайғы-мұңнан, дертінен айықтыратын қуаты деп есептейді.

Қай жанрда жазылды?

Өлең әрқайсысы 4 тармақты 9 шумақтан тұрады.

Қай тілдерге аударылды?

Туынды орыс тіліне аударылған.

Өзгеге, көңілім, тоярсың,

Өлеңді қайтіп қоярсың?

Оны айтқанда толғанып,

Іштегі дертті жоярсың.

Сайра да зарла, қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын, көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

Қара басқан, қаңғыған,

Хас надан нені ұға алсын?

Көкірегінде оты бар,

Құлағын ойлы ер салсын.

Тыңдамаса еш адам,

Өз жүрегім толғансын.

Әр сөзіне қарасын,

Іштегі дертім қозғалсын.

Әуелесін, қалқысын,

От-жалын боп шалқысын.

Жылай-жырлай өлгенде,

Арттағыға сөз қалсын.

Мендей ғарып кез болса,

Мойын салсын, ойлансын.

Қабыл көрсе сөзімді,

Кім таныса, сол алсын.

Не пайда бар – мың надан

Сыртын естіп таңдансын.

Онан дағы бір есті

Ішкі сырын аңғарсын.

Өздерің де ойлаңдар,

Неше түрлі жан барсың.

Ғылым да жоқ, ми да жоқ,

Даладағы аңдарсың.

Жүрегіңмен тыңдамай,

Құлағыңмен қармарсың.

Соны көріп, соларға

Қайтіп қана сарнарсың?!