Logotip_ministry_of_education_of_the_Kazakhstan 1-min

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

“Абай” интерактивтi кешенi

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің тапсырысымен әзірленді

«ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ» («ЖИЫРМА ЖЕТІ ЖАСЫНДА»)

«ӘБДІРАХМАН ӨЛІМІНЕ» («ЖИЫРМА ЖЕТІ ЖАСЫНДА»)

Абайдың Әбдірахман баласына жоқтау сипатында арнап жазған туындысы.

Қашан жазылды?

Сүйікті ұлының мінезін, кісілік келбетін кең ашатын «Әбдрахман өліміне («Жиырма жеті жасында»)» өлеңін Абай  1895 жылы 50 жасында жазған.

Қайда жарияланды?

Көлемі он төрт шумақтан тұратын бұл өлеңді алғаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында  жарияланды.

Өлең не жайында?

Асыл туған Әбіштің қайғысы Абайға тыныштық бермеген. Оның ерте көз жұмғанына бірде налып, енді бірде тағдыр ісі деп сабырға келіп қиналған. Бір тақырыпқа арналған бірнеше өлеңінің қай-қайсысы да шын жүректен туып, әке трагедиясының қаншалықты ауыр болғанын көрсетеді.

«Жиырма жеті жасында» деп басталатын өлеңінде Абай Әбдірахманның дара келбетін, ерекше мінезін аша түскен. Өлеңнің алғашқы шумағында «Кімді көрдің бұл сынды?» деп баласының жаратылысы бөлек жан болғанынан хабар береді. Әбдірахманның дүниеге көңілі тоқ еді дегенінде, Абай баласының материалдық байлыққа қызықпағанын, құлқын ғана ойламағанын айтады. Ағайын мен туысқа бірдей сүйкімді, бәріне бауырмал, бойында менмендігі, тәкәппарлығы жоқ, сертіне адал. Бар мақсаты, өмірлік мұраты – білім нәрін сусындау, ғылым іздеу деп келіп, егер адамның көргені, танығаны, оқып-тоқығаны болмаса, ұзақ өмір сүрудің керегі не деп ойын түйеді. «Көргені мен білгені // Жүзге келген шалдан көп», деп Әбдірахман аз жыл жасаса да, көп ізденген, көп тоқыған деп өзін жұбатады.

Өлеңнің мазмұнынан Әбіштің өзінің бойындағы айықпас дертін ерте білгенін, Петерборда жүргенде сезгенін жеткізеді. Жиырмадан енді асқан шағында денесінде аурудың барын білген ол тағдыр ісіне налымаған, тәуекел деп Тәңірінің жарлығын күткен. Сондықтан да көп оқуға, көп білуге, ғылым игеруге ұмтылып, қысқа ғұмырын мазмұнды сүруге ұмтылған деп айтқысы келген. Қырым, Кавказ, Түркістан, Ресей, Сібір аймағын аралап, әр жердің дәмін татып көрген деп асыл текті аяулы перзентінің қысқа ғұмырын аспанда ағып түскен құйрықты жұлдызға теңеген. Осыған дейінгі өлеңдерінде айтқандай, Әбіштің зор тәуекелшіл, ақылды адам болғанын Абай бұл туындысында қайталайды.

Өлеңнің соңында Әбдірахман баласын жаңа жылдың басшысы болатын, өзін ескінің арты едім деп таныстырады. Бұл сөзден түйетініміз, Абай  орысша оқыған, заманға лайық білім мен тәрбие көрген Әбдірахман баласын жаңалықтың жаршысы, жаңа толқынның алды болатын еді деп үміттенгендігін жеткізген. Әлихан Бөкейханнан 3 жас кіші, Ахмет Байтұрсынұлынан 3 жас үлкен Әбдірахман Абайұлы тірі болғанда, Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің қатарынан табылатыны сөзсіз еді деп білеміз.

[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Бб. 231-233]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы  е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы  жазылған материалмен  таныса алады.

Қай жанрда жазылды?

Абайдың ішкі тебіренісін, қайғы, мұңын көрсететін өлең көңіл күй лирикасы жанрында жазылған. Оның мазмұнынан ақынның ғибратты ойларын, дидактикалық тұжырымды пікірін де анық көре аламыз. Соның ішінде өмірдің мәні ұзақ жасағанда емес, көп көргенде, көп білгенде деген философиялық көзқарасын айта аламыз.

Қай тілдерге аударылды?

Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.

Жиырма жеті жасында

Әбдрахман көз жұмды.

Сәулең болса басыңда,

Кімді көрдің бұл сынды?

Дүниелікке көңілі тоқ,

Ағайынға бауырмал.

Тәкәппар, жалған онда жоқ,

Айнымас жүрек, күлкің – бал.

Ғылым оқып білгенше,

Тыным, тыныштық таппаған.

Дүниені кезіп көргенше

Рахат іздеп жатпаған. 

Ұзақ өмір не берер,

Көрген, білген болмаса?

Жатқан надан не білер,

Көңілге сәуле толмаса?

Петербурда-ақ кідірмей,

Біліпті дерттің барлығын.

Тәуекел қып білдірмей,

Күтіпті тәңірі жарлығын.

Қалжыңы, шыны аралас,

Өмірім аз деп білдіріп.

Бөтен көзде көрсе жас,

Ойнаймын деп күлдіріп.

Аз өмірін ұзайтқан,

Ғылымға бойы толған соң.

Көрген жерін молайтқан,

Оқып, біліп болған соң.

Қырым, Кавказ, Түркістан,

Ресей, Сібір қалмады.

Хабарланып әр тұстан,

Көрмей дамыл алмады.

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да, көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,

Мін тағар жан болмады.

Тәуекел зор, ақыл мол,

Қорықпай тосқан тағдырын.

Қиынсынбай өлімді ол,

Білдірмеген еш сырын.

Ата-ананың қызметін,

Алған жардың қарызын,

Өтемей кеткен бейнетін,

Қағазға жазған арызын.

Көргені мен білгені

Жүзге келген шалдан көп.

Бізге уайым жегені –

Арманда боп қалды деп.

Жаңа жылдың басшысы – ол,

Мен ескінің арты едім.

Арман деген ащы сол,

Сүйекке тиді, қарт едім. 

Қайғы болды күйгендей,

Ол қуатым еді рас.

Көзге қамшы тигендей,

Шыр айналды артқы жас.