Абайдың жаратылысы асыл болған Әбдрахман баласының аянышты өлімінен кейін жазған туындысы.
Қашан жазылды?
«Әбдрахман өлген соң өзіне айтқан жұбатуы («Бермеген құлға, қайтесің») өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Өзін-өзі жұбатқан бұл өлең алғаш рет ақынның 1939 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Жазмыштан озмыштың жоғын, тура келген ажалға араша түсе алмайтынын мойындаған Абай бұл өлеңінде тағдырдың басқа салғанына көнеді. Көлемі 40 жолдан тұратын туындыда Әбдрахманның есімі аталмайды. Бірақ одан біз баласынан айырылған әкенің жүрегіндегі қайғы мен қасіреті азайған деп есептемейміз. Қара қайғының түбіне түсіп кетпеген, өзіне тоқтау салған, салқын ақылмен сабырға келген, Құдайдың жазғанын мойындаған Абай өмір сыйлаған жаратқан енді ажалын да беріпті деп оның құдыретіне бас иеді.
Сөйтеді де, тарихта өткен ұлы тұлғаларды еске алады. Ақылы асқан данышпандар Аплатон мен Сократтай, ержүректігі мен батырлығы Қаһарман Ғалидай Оспанды да алды ғой бұл ажал. Ендеше сабыр еткенім дұрыс еді. Жауласқан жұртын тізе бүктірмей қоймаған Ескендір Зұлқарнайын, Шыңғыс хан, Әмір Темір де дүниеден озды ғой. Оларды да ажал алғанда маған сабыр еткенім дұрыс еді. Күллі Тобықтыны ел қылған, қалың қазаққа қадірі асқан, Мекеде тәкие үй салғызған, мұсылмандық жолында бар дәулетін аямаған әкесі Құнанбай да фәниден бақиға аттанды ғой. Ендеше ажалға сабыр еткенім дұрыс болар еді деп Әбдрахманның қазасынан кейін Абай өзінің жүрегіндегі қайғы отын өшіріп, тәубеге тоқтағысы келеді.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Бб. 237-238]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Сондай-ақ оның мазмұнынан танымдық мәлімет көруге болады. Осы жағын ескергенде, шығарманың тарихи-танымдық сипаты бар деп білеміз.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Бермеген құлға, қайтесің,
Жұлынарлық ерікті.
Ажал тура келген соң,
Шыдатпайды берікті.
Ғаріптікке көз жетті,
Алғаннан соң серікті.
Өмірін берген Құдайым,
Ажалын да беріпті.
Сақта дейміз, қайтеміз,
Ілінген жалғыз тіректі.
Тағдырына тәбдил жоқ,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Кәркиден, пілдей қуатты,
Тағы арыстан жүректі,
Аплатон, Сократ ақылды,
Қаһарман Ғали білекті.
Өз заңымша ұқсаттым,
Берген Құдай тілекті.
Оспанды алған бұл өлім,
Тәубе қылсақ керек-ті.
Мұсылманға қоймаған
Орынсыз жанжал шатақты,
Ерегіскен жауларын
Кісен салып матапты.
Зекет жиып, егін сап,
Тойдырған ғаріп, жатақты.
Ескендір, Темір, Шыңғыстай
Мұсылманда атақты.
Мұқым қазақ баласы,
Тегіс ақыл сұрапты.
Тобықтыны ел қылып,
Басын жиып құрапты.
Мекеде уақып үй салып,
Пәтер қып, жаққан шырақты.
Бір Құдайдың жолына
Малды аямай бұлапты.
Ажал уақыты жеткен соң,
Соның да гүлі қурапты.
Қажыны алған бұл өлім,
Сабыр қылсақ керек-ті.