Абайдың сүйікті баласы Әбіштің (Әбдірахманның) ауыр қазасынан кейін жан азасын тебіренткен туындысы.
Қашан жазылды?
Мейірбан әкенің қасіретке толы жүрегінен шыққан «Әбдрахман өлгенде («Арғы атасы қажы еді»)» өлеңін ақын 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Өлең алаш рет Абайдың 1933 жылғы жинағында «Құнанбайға Әбдірахман өлгенде» деген тақырыппен жарияланды.
Өлең не жайында?
Абай Ділдадан туған баласы Әбдірахманның (1869-1995) болашағынан зор үміт күткен. Семейдегі үйездік мектепте (1882), Түмен қаласындағы Александров реалдық училищесінде (1886-1889), С.Петербор қаласындағы Михайлов артилерия училищесінде (1889-1892) оқыған Әбіш замандастарына қарағанда орыстың білімін, өркениетті жұрттардың өнерін ерте үйренген. Әбіштің мезгілсіз қаза болғаны Абайдың қабырғасын қайыстырып, жүрегіне жазылмас жара салады.
Өлең Әбдірахманның өлімінен соң туғанымен, сүйікті ұлына жоқтау сипатында жазылмаған. Мұнда ақын басына түскен ауыр қасіретке қарсы тұрғысы келіп, қайғыны сабырмен жеңуге ұмтылады. Шығарманың мазмұнынан баласы Әбіштің өмірде кім болғанын емес, өзіңің әкесі Құнанбайдың асыл қасиеті мен қадірін түсінеміз. Басынан аяғына дейін Абай әкесінің елге абыройлы, зор беделді тұлға болғанын сипаттайды. Қажы әкесін адал, әділ, ер мінезді, ақылды жасынан серік қылған, мал түгіл, жанға да мырза, жоқ-жітім, мүсәпір жандарға қамқор, ешкімді ала көрмеген, тентек пен бұзықты тыйған, дүниеге қызықпаған, артында өлмейтін із қалдырған деп сипаттайды. Сондай қадірлі жан да бақиға аттанды ғой. Оны да алды ғой бұл өлім. Ендеше мен де сабыр етейін деп тоқтайды Абай.
Тегінде, М.Әуезов «Абай жолы» эпопеясында кеңестік кезеңнің социалистік реализм әдісіне сүйеніп, Абайды асқақтату үшін әкесі Құнанбайды ескінің адамы, діншіл, жуан жұдырық, қатігез, феодал, үстем тап өкілі ретінде көрсетуге мәжбүр болғаны мәлім. Әйгілі шығармада тарихи тұлға көркем бейнеге айналған кезінде, тарихи шындықтың бұрмаланғанын тәуелсіздік кезеңде ескердік. Бұл тақырыпта көлемді зерттеу еңбектер жазылып, Құнанбай қажының тарихтағы қадірлі орны айқындалды. Ал Абайдың Әбдрахман өлгенде жазған бұл өлеңін көркем туынды деп санасақ та, онда көркем шындық пен тарихи шындықтың арасында айырмашылық жоқ, екеуі бір ұғым деп түсінгеніміз ләзім. Себебі баласынан айырылып отырған ақынның сөзінде жалған пікір бар деп айта алмаймыз. Ендеше ақын осы өлеңінде әкесі Құнанбайға деген жүрек сөзін, шын ықыласын жайып салған деп білеміз.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б. 227]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Абайдың басындағы ауыр трагедиясын байқататын, өзін-өзі сабырға шақырған туындыдан әкесі Құнанбай қажының тарихи болмысына әділ баға берілген.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Арғы атасы қажы едi
Бейiштен татқан шәрбәттi.
Жарықтықтың өнерi
Айтуға тiлдi тербеттi.
Адалдық, ақыл жасынан
Қозғапты, тыныштық бермептi.
Мал түгiл жанға мырза едi,
Әр қиынға сермептi.
Мұңды, шерлi, жоқ-жiтiк
Аңсап алдын кернептi.
Бәрiнiң коңiлiн тындырып,
Бiреуiн ала көрмептi.
Әдiл, мырза, ер болып,
Әлемге жайған өрнектi.
Тәубесiн еске түсiрiп,
Тентектi тыйып, жерлептi.
Қазақтың ұлы қамалап,
Iздеген жүзiн көрмек-тi.
Ақылынан ап қайтқан
Өлгенше болар ермек-тi.
Ол сыпатты қазақтан
Дүниеге ешкiм келмептi.
Өлмейтiн атақ қалдырып,
Дүниеге көңiлiн бөлмептi.
Жарлығына Алланың
Ерте ойлаған көнбек-тi.
Олар да тiрi қалған жоқ,
Тiрлiк арты өлмек-тi.
Оны да алды бұл өлiм,
Сабырлық қылсақ керек-тi.