Абайдың Әбдрахманның қайғылы қазасынан кейін, баласының бойындағы асыл қасиеттерін суреттейтін көркем туындысы.
Қашан жазылды?
Әбдрахманның адами келбетін таныта түсетін «Әбдрахманға («Орынсызды айтпаған») өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Аталған туынды алғаш рет Абайдың 1939 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Абайдың бұл өлеңінде өмірден озған Әбдірахман ұлының қадір-қасиеті жаңа сипатынан ашыла түскен. Әкенің баласына қимас көңілі мен сағынышын танытатын туындыда Әбдрахманның тамаша тәрбиесі, түзулігі, орынсыз сөйлемегені, жақсылыққа жаны құмарлығы, игілікті істі жасауға ынтық көңілі айтылған. Елге қол ұшын беру ісінде ол ешқашан тартыншақтанбаған, мырзалық танытқан. Қайда жүрсе де, қазақтың ғұрпын, таза жолын, ұлттық тәрбиесін ұмытпаған. Кәпір арасында болса да, арамдықтан жиренген, арам тағамға жоламаған. Алдына қойған мақсаты оқу-білім іздеу деп қана санаған. Қаладан қанша білім оқып, шен алып келсе де, қарапайым қалпынан айнымаған, бір мінезінен өзгермеген, есер қуып кетпеген. Махаббатқа адал, әділдікке жақын, шындыққа жаршы, туғандарына бауырмал, елге сүйкімді, сыйласқан адамына дархан пейілді Әбдрахманның жарқын бейнесін айшықты суреттеген ақын өлеңінде асыл азаматтың мінезі мен болмысы жаңаша қырынан толыға түседі.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.234]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Абайдың бұл өлеңі көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Әбдрахманның өнегелі өмірінен хабар беретін өлеңнің тәрбиелік-дидактикалық сипаты бар деп білеміз.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Орынсызды айтпаған,
Түзу жолдан қайтпаған;
Жақсылық қылар орында
Аянып бойын тартпаған.
Ортасында кәпірдің
Арамынан татпаған.
Өмір бойы талпынып,
Ғылым іздеп, жатпаған.
Түрленіп «төре болдым» деп,
Есерленіп шатпаған.
Жүз мың теңге келсе де,
Махаббатын сатпаған.
Жүйріктікпен шалқымай,
Тура сөзді жақтаған.
Бала айтса да хақ сөзді,
Бұрылмастан тоқтаған.
Өтіріксіз турашыл,
Еш сөзі жоқ таппаған.
Сыйласарлық кісіге,
Түк қалмайтын сақтаған.
Бауырларын еркейтіп,
Не сұраса қақпаған.
Білдіруші ең үндемей,
Істі қылған жақпаған.
Ағайын мен туғанды
Тірілікте мақтаған.