Абайдың асыл баласы Әбдрахманның өлімінен кейін келіні Мағышқа тоқтау айтқан жұбату өлеңі.
Қашан жазылды?
Өзегін жарған «Әбдрахманның әйелі Мағышқа Абайдың айтқан жұбатуы («Жылағанды тоқтатып») өлеңін Абай 1895 жылы 50 жасында жазған.
Қайда жарияланды?
Азаматынан айрылған Мағыштың қайғысын басуға, сонымен бірге өзін де жұбатуға арналған бұл өлең алғаш рет Абайдың 1939 жылғы жинағында жарияланды.
Өлең не жайында?
Дүниеден ерте озған Әбдрахманның артында қайғы жұтып жан жары Мағрипа Сүлейменқызы (Мағыш) (1873-1896) қалған. Екеуі 1892 жылы үйленгенде, Абай сүйікті ұлының шаңырақ көтергеніне қуаныш білдіріп, алдағы бақытты өмірлеріне үмітпен қараған. Алайда бойын айықпас дерт меңдеген Әбдрахман ерте бақиға аттанғаннан соң, Мағыш ауыр қайғыға батып, жан дүниесін күйзеліске ұшыратқан.
Абай аяулы келініне жылағанды тоқтатып, оны ынсапқа шақырған. Егер олай жасамаса, ауыр қайғы ішке түсіп, бойына тарайтынын ескерткен. Жүзінің суалғанын, көңілінің қарайғанын білетінін айта отырып, осының бәрі жаратушының ауыр сынағы екенін жеткізген. Жалғыз сен ғана емес сыңарынан айырылған. Көз жасыңды тоқтатпасаң, Құдайдың әміріне қайшы тұрғаның деп сақтандырғысы келген. Алланың әмірі келген соң, ел билеген патшалар да, сүйікті елшісі Мұхаммед пайғамбар да өмірден озды. Тура келген ажал ешкімді аямады. Оған қарсы тұруға пенде дәрменсіз деп, қайғыға бата бергенің бәрімізге ауыр тиеді, бізді аясаңшы деп келінін сабырға шақырған.
Әбдрахманның асыл туған дарынын, бойына ерекше біткен қадір, қасиетін, оны бар баласының ішіндегі ең тәуір санағанын білдіріп, «Алладан өлім тілеме!» деп басу айтқан. Қолдан ұшып кеткен ақ сұңқардың қайтып келмейтінін мойында деп, өзекті өртеген көздің жасын тыюды сұраған.
Абай өлеңнің соңында қадірлі баласының тағы да дара тумысын, асыл қасиетін, тиянақты, тұрлаулы мінезін қайталап еске алып, шын сорлы болып қалған енді өзі екенін жеткізген. Осыдан бұл өлең келіні Мағышқа ғана емес, өзіне де арналған тоқтау жыр екенін түсінеміз.
Әбдрахманның жылына жетпей, ауыр қайғыдан бас көтере алмай, Мағыш келіні де жарық өмірмен қоштасқан.
[Қараңыз: Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы. – Т.1. – Алматы: Жазушы, 1995. – Б.238-239]. Бұл сілтемелерді басу арқылы оқырман арнайы тараудағы е-pub форматтағы осы ғылыми әдебиетпен, не түсініксіз болса, сөздің мағынасы жазылған материалмен таныса алады.
Қай жанрда жазылды?
Философиялық мазмұнды өлең көңіл-күй лирикасы жанрында жазылған. Туындыдан ақынның ауыр қасіретін, сонымен қатар келіні жайында дерек білеміз.
Қай тілдерге аударылды?
Өлең орыс, ағылшын, француз, неміс, қытай, корей, поляк, нидерланд, тәжік, түрік, өзбек және сондай-ақ өзге де көптеген әлем тілдеріне аударылды.
Жылағанды тоқатып,
Ынсап қылсақ жарайды.
Қоймасаң, қайғы ауыр боп,
Тұл бойыңа тарайды.
Қызыл гүлің cуалып,
Ақ көңілің анық қарайды.
Һәммә жанды аулымен
Патша Құдай сынайды.
Бір сен емес, жылатқан
Сыңарын алып талайды.
Бәрімізді аясаң,
Тоқтау қылсаң ұнайды.
Ұмытқаның жарамас
Жаратушы Құдайды.
Халық билеген патшалар,
Уақыты жетсе, құлайды.
Дәл уақыты жеткенде,
Талайдың гүлі қурайды.
Рәсүлді алған бұл өлім
Кімнен жөнді сұрайды?
Қандай адам бұлқынып,
Бұған көнбей тулайды?
Мен білемін, қайтейін,
Мұндай асыл тұмайды.
Қанша жылап налысаң,
Сонда да ерікке қоймайды.
Алғысы келсе, дүниенің
Айтқанына болмайды.
Ойласаңшы, Мағышым,
Кімнің гүлі солмайды?
Артын тіле Құдайдан,
Бір қалыпты тұрмайды.
Үсті-үстіне бастаса,
Сонда пенде оңбайды.
Жылама, Мағыш, жылама,
Алладан өлім тілеме!
Қолдан ұшқан ақ сұңқар
Қайтып келіп қонбайды.
Бір шешеден туғанда,
Бәрінен кетті тәуірім.
Көтермеске амал жоқ,
Көрдім дүние ауырын.
Аясаңшы, апырмау,
Әке, шеше, бауырын!
Бойды жеңіп, тоқтау қып,
Сұрасаңшы ақырын!
Тоқтамады, тұрмады,
Кетті ортадан асылым.
Тәкәппар, зор көкіректі
Көтере алмай басылдым.
Тиянағым, тұрлауым,
Енді кімге асылдым?
Ойламадым туғанды,
Бір өзіңе бас ұрдым.
Жалғыз сенен айрылып,
Артыңа қарап аһ ұрдым.
Ойламадым еш жанды,
Өзіңе ердім оңаша.
Рахаттанып, мақтанып,
Қылушы едім тамаша.
Шыны_сорлы –_мен-дағы,
Мағыш байқап қараса.